Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды
Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады. Алғашқы деректер бойынша, ол өзіне қол жұмсап қайтыс болған.
«Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, тергеу барысында әзірге қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ. Айта кету керек, Шерзат Болаттың отбасы қайғылы жағдайдан кейін полиция қорғауында болған
«Осы уақытқа дейін отбасына қандай да бір қоқан-лоқы жасау дерегі тіркелмеді. Күзет қызметіндегі қызметкерлердің түсініктемесі бойынша ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да жеке көлігімен кетіп қалған», – делінген хабарда.
Еске сала кетейік, осыған дейін Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша 11 адамның қамауға алынғаны белгілі болған. Қылмыстық іске байланысты полиция «Бұзақылық», «Қорқыту», «Адам өлтіру» және «Қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша іс қозғаған.
Бұдан бөлек, Шерзаттың ата-анасының үйіне қойылған өртке байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған.
16 жастағы мектеп оқушысы 4 қазанда дүкен маңында шыққан жанжалдан кейін кісі қолынан қаза тапқан. Істі ІІМ жеке бақылауына алған.