Тоқаев Головкинді жаңа қызметімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) төрағасы Генадий Головкинді қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында Геннадий Головкин комитеттің атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, еліміздегі спорттық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстармен бөлісті.
Мемлекет басшысы ҰОК-ке жүктелген міндеттердің ауқымдылығын атап өтіп, Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мен әлемдік жарыстарда нәтижелерге қол жеткізудің маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) Олимпиадалық комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді.
World Boxing — 2023 жылдың сәуірінде құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Қазіргі уақытта оның құрамында әлемнің 44 елінің ұлттық федерациялары бар.