Жаңалықтар

ШҚО-да жұмыс уақыты ауысуы мүмкін – Көшербаев өңір халқын жаңа уақыт белдеуіне үйрететінін айтты

Шығыс Қазақстан уақыт белдеуі
Шығыс Қазақстан облысы әкімі уақыт белдеуі өзгермейтінін, халықты жаңа уақытқа үйрету үшін шаралар қолданылатынын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шығыс Қазақстан облысының халқын көктемнен бері әбігерге салған уақыт белдеуі ауыспайды. Үкімет бұл орайда нық шешім қабылдап, «айтқанынан қайтпайтынын» аңғартты. Бірақ кез-келген жиында журналистердің шенеуніктерге қоятын сұрағы осы уақыт белдеуін қатысты. Бұл сауал бүгін, 9 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевқа да қойылды.

Өңір әкімі Үкімет шешімін өзгертуге құзыреті жетпейтінін айтты. Десе де, уақыт белдеуі ауысқалы Үкіметтің бұл шешімі тұрғындарға біршама қиындық тудырғанын да жасырмады.

«Уақыт белдеуін өзгерту жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кірмейді. Үкіметпен қабылданған соң, біз оны орындауымыз керек. Бұл шешім кейбір тұрғындар үшін қиындықтар тудырған шығар», – деді әкім.

Сонымен бірге өңір басшысы қазір уақыт белдеуін ауыстыру мәселесі емес, керісінше сол уақыт белдеуіне үйрену мәселесі қаралып жатқанын айтты. Ол өңір тұрғындарына ыңғайсыз болса да, уақыт белдеуіне үйренуге кеңес береді. Тіпті халықтың еті үйренуі үшін жұмыс кестесі мен қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесін уақты мезгіліне сай ыңғайлау жоспарланып отырғанын айтты.

«Уақыт белдеуіне үйрену керек. Тұрғындардың бұл мәселеге қатысты ой-пікірін тиісті министрлікке жеткіздік. Мынадай қиындықтар бар, қарастыру қажет дегендей халықтың бұған қатысты ойын естірттік. Қазіргі кезде облыс тұрғындарының адаптациясын ойластырып жатырмыз. Мысалы, жұмыс уақытын өзгерту керек шығар. Қазіргі уақытта аурухана, мектеп сынды әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесін өзгерту мәселесі талқыланып жатыр. Қоғамдық көліктердің де қозғалыс кестесін ауыстыруды ойластырамыз», – деді өңір басшысы.

Әкім егер уақыт белдеуі ауыспаған болса да, таңертең қараңғы болатынын, мұндайда баланы бәрібір де мектепке ата-ана өзі апарып, алып қайтуға міндетті болатынын айтты.

Әкім жұмыс кестесін ауыстыру мәселесін бір ай көлемінде талқылап, шешім шығаратынын жеткізді.