«18 млн ғана». ШҚО әкімі жаңа жылдық безендіруге қанша қаражат бөлінетінін айтты
Шығыс Қазақстан облысында жаңа жылдық безендіруге 18 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО әкімі Ермек Көшербаев айтты.
«Жаңа жыл мерекесін Шығыс Қазақстан әкімдігі бірінші болып тойлайды. 150-ге жуық аяз ата мен ақша қар шеруі өтеді деп жоспарлануда. Осы іс-шараларға және жаңа жыл мерекесіне қанша қаражат жұмсалады?», – деп сұрады журналист.
Әкім шеруге келген қатысушалыр өз қаражатына киінетінін айтты.
«Біз бұған көп қаражат бөлмейміз. 18 млн ғана», – деді ол.
Журналист бұл қаражат шеруге бөлініп отырса, тым көп екенін айтты. Әкім аталмыш көлемдегі қаражат облыс бойынша бөлініп отырғанын, шырша мен түрлі безендіруге қажетті заттардың өткен жылдан қалғанын айтты.
«Қаладағы шыршаға келер болса, жасанды шырша ғой. Ал гирляндалар бұрыннан сатыл алынған. Мынандай заманда көп ақша шашуға болмайды. Сондықтан біз бұл соманы азайттық», – деді әкім.