2024-2026 жылдары Маңғыстау мен Астанада екі ірі туристік жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет үйінің туризм саласының даму барысына қатысты есебінде жазылған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, туризмге салынған инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың 10 айында түрлі туристік жобаларға салынған инвестиция көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құраған.
«Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңгені құрайтын Астана туристік ауданы бар. Бұл жоба негізінде 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Туристік нысан толық іске қосылғанда жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдары түсіп отырады. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге Маңғыстау облысында 137,4 млрд теңгеге «Каспий Ривьерасы» жобасы жүзеге асырылмақшы. Бұл туристік нысанда жағажай демалыс орны, гольф алаңы, қонақүйлер, виллалар кешені, аквапарк және ойын-сауық орталығы салынады. Жоба аясында «Жылы жағажай» аумағын кешенді игеру жоспарланған.
«Жобаның жалпы бағалау құны 137,4 млрд теңгені құрайды, жобаны 2024–2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланған»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Ал осы, 2024 жылдың соңына қарай жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылмақшы. 119 инвестициялық жоба негізінде 1 319 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Түркістандағы «Medina Palace» қонақ үйінің құрылысы мен «Ақсу – Жабағылы» шипажайын жаңғырту жобалары бар. Жаңғырту барысында «Ақсу – Жабағылы» шипажайына жаңа қонақүй нысандары қосылады.
Жалпы туризм саласының даму барысына тоқталар болсақ, осы жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жеткен. Ал шетелден келетін туристер саны екі есе артып, 11,5 млн адамға жеткен.