Алматы мен Астанада ұрлық көп жасалады – прокуратура

Жарияланды
кражи
Алматы мен Астана қалалары ұрлық жасау жағдайлары бойынша бірінші орында тұр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Қазақстанда ең көп ұрлық жасалатын өңірлерді анықтады. Комитет мәліметінше, Алматы мен Астанада ұрлық көп жасалады.

«Ұрлықтардың ең көбі Алматы және Астана қалаларында (6 675/3 727) ең азы Манғыстау және Ұлытау облыстарында тіркелген (396/298)», – делінген комитет хабарламасында.

Дегенмен прокуратура ұрлықтың азайғанын хабарлайды. Прокуратура мәліметінше, ұрлық жасау фактілері 28,1%-ға азайып, 40 458-ден 29 089-ға дейін төмендеген.

Солардың ішінде, ұялы телефондар ұрлығы 31,2%-ға төмендеген. Биыл телефон ұрлығы бойынша 6919 іс тіркелген. Ал 2023 жылы 10 051 жағдай болған.

Бұл ретте, ұялы телефондар ұрлығының ең көбі Алматыда тіркелген (1 989 жағдай). Екінші орында 669 ұрлық жағдайы тіркелген Астана тұр. Ал телефон аз ұрланған аймақ – Ұлытау облысы екен. Тек 54 факті тіркелген.  

Сонымен бірге прокуратура автокөлік ұрлығы бойынша көрсеткіштердің 46,1%-ға, пәтер ұрлығы бойынша қылмыстың 33,7%-ға төмендегенін хабарлайды.

Ал мал ұрлығы 30,3%-ға төмендеп, осы жылдың 11 айында тек 998 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың көрсеткішінінен айтарлықтай төмен. 2023 жылы 1 432 жағдай тіркелген.

«Мал ұрлығы фактілерінің ең көбі Алматы-194, Абай – 126, Түркістан – 114, Жетісу – 97; облыстарында тіркелген», – деп хабарлайды прокуратура.

Сондай-ақ оқыңыз