Башар Асад жағдайды дұрыс бағамдамады – Мұхит Асанбаев
Сирияда Башар Асад режимі ақыры құлады. Сирия дағдарысына Қазақстанның екі нәрседе қатысы бар. Біріншісі, Қазақстанның бітімгершілік күштері Голан жотасында орналасқан. Екіншісі, Сирия мәселесінің түйіні Астана процесінде талқыланып келген еді. Башар Асадтың тағынан таюынан кейін ежелгі өркениет ошағы – Шам тыныштық тауып, халқы бейбіт өмір сүре ме? Бұл елдің болашағы туралы не айтуға болады?
Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев Kursiv.media-ға Башар Асад режимінің құлауына қандай жағдайлар түрткі болғанын, халықаралық ахуал қалай қалыптасқанын және елдің болашағы туралы ойымен бөлісті.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, соңғы кездері Башар Асад өзін дербес саясаткер ретінде сезіне бастаған. Оған Араб елдерімен қарым-қатынасын жақсартқаны, Иран мен Ресейдің қолдауы түрткі болды. Ресейдің жанжалға тікелей араласып, тағын сақтап қалуға көмектескені мәлім.
Астана процесінен кейін…
Бір ай бұрын ғана Асад Сирия астанасын тастап, Ресейге қашады деп ешкім күтпеген еді. Жағдай біршама тұрақты болды. Алайда Анкара ресми Дамаскімен келісімге келіп, Сирияның болашағына қатысты саяси диалогты бастауға, сириялық босқындар мәселесін шешуге шақырып жүргеніне де біраз уақыт болды. Бірақ Башар Асад өз еліндегі оппозициялық күштермен ешқандай келісімге келгісі келмеген.
Бір ай бұрын Астанада өткен саммитте Түркия Иран мен Ресейге бір ұсыныс жасаған секілді, бірақ ол ұсыныс Иран мен Ресей тарапынан қолдау таппаған екен. Бұл екеуі ол аздай, бір айдан кейін Сириядағы Түркия әскери контингентін шығару керек деген ұстанымды жария етеді. Сөздің қысқасы, жағдай сол кезде ушыққан көрінеді.
Енді бүгін белгілі болғандай, сол кезде Сирия мәселесін шешуге араласып жүрген елдер арасында текетірес басталған. Бұның аяғы Асад билігінің кенеттен құлауына әкеледі.
Түркияның қандай қатысы бар?
Түркия бұл жанжалға тікелей қатысып отырған жоқ. Керісінше, жағдайды ушықтырмауға күш салып келді. Жақында Алеппоны бақылап отырған Хезболла күштерінің бұл қаланы тастап кетуін көрген Түркия «Хезболла орнын YPG немесе халықтың өзін-өзі қорғау отрядтары деген атпен танымал күрдтердің әскери жасақтары баса ма?» деп қауіптенеді. Бұдан кейін Түркия Сирия оппозициясына қарсы шабуыл жасауға рұқсат берген сияқты. Бұған дейін оппозицияның қарулы күштеріне ырық бермей келген болатын.
Сарапшының айтуынша, бұған тағы да бір үлкен фактор түрткі болған. Айталық, Түркияда үш миллионға жуық сириялық босқын бар. Бейресми деректер бойынша, 5 миллионға жуықтайды. Оппозиция шабуылға көшер алдында Асадты қолдап отырған күштер оппозиция бақылауындағы аймақтарды бомбалады. Соның кесірінен Түркияға қайтадан миграция толқыны ағыла бастады.
«Мұның бәрі соңғы шек болды. Анкара босқындарды еліне қайтарғысы келеді. Асад ешқандай келіссөзге көнбейді. Түркияға қашқан босқындар түбі Еуропаға барып тұрғысы келеді. Еуроодақты да Сириядан ағылған мигранттар легі қатты алаңдатып отыр. Сондықтан бұл кешенді мәселелер шешімін таппаған соң, ақыры осындай жағдайға әкеліп соқты», – дейді саясаттанушы.
Дамаск неге құлады?
Мұхит Асанбаевтың пікірінше, Ресейдің бұл жолы Башар Асадқа көмек көрсетуге мұршасы болмады. Өйткені бұл ел Солтүстік Кореядан әскер жалдауға мәжбүр болып отыр. Ұрысқа қабілетті күштері Украинада шоғырландырылған. Сирияда Ресейдің екі ірі әскери базасы бар – Тартустағы әскери-теңіз базасы және Хмеймимдегі әуе-базасы. Мәскеу сол базаларының қауіпсіздігімен әуреленіп кеткен.
«Оның үстіне, Сирия әскерінің өзінің де жауынгерлік рухы төмендеді. Өйткені Башар Асад тарапынан «қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз» дегені тек ұран болып шықты. Сонымен қатар әскерилер бұдан былай Ресей мен Ираннан тұщымды көмек болмайтынын ұқты. Сондықтан моральдық-писихологиялық жағынан үлкен күйзеліске ұшырады», – дейді сарапшы.
Әскерде қашқындар көбейген. Оппозиция шабуылынан екі күн бұрын әскерилердің дені Иракпен шекаралас жерлерге кетіп қалған.
«Асадты ешкім қолдаған жоқ. Ол өз әскеріне қолбасшы бола алмады. Ресей мен Иранның айтқанынан шықпай, Түркиямен келіссөзге бармады. Десе де, ел басшысы ретінде кез келген келіссөзге баруы керек еді. «Араб лигасына кірдім, Ресей мен Иран қолдап отыр» деп сенімді болды. Жағдайды дұрыс бағамдай алмады», – дейді Мұхит Асанбаев.
Шамның болашағы қандай болады?
Дамасктегі режим құлаған кезде ДАИШ бақылауындағы аймаққа АҚШ бір-екі бомбасын тастаған.
«Бұл – Ислам мемлекеті қайта бой көтерсе, соғысқа қайта араласамыз деген белгі. Израиль Голан жотасы төңірегіндегі өзінің ғана емес, Сирияның да буфферлік аймағына кіріп алды. Израиль тарапынан да соққы болған сияқты. Сирияда билік орныққанша біз бақылаймыз дегендей. Жалпы Сириядағы өзгерістер үлкен оқиғалар тізбегінің басы болуы ықтимал. Сирияның болашағы тұрақталып кетуі оңай емес», – дейді сарапшы.