«Миллиард жымқырды» деп айыпталған экс-шенеунік Болат Мажағұловтың соты басталды

Жарияланды
Оған 1 млрд-тан астам қаржыны қолды етті деген айып тағылып отыр/фото: Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі

Елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы Болат Мажағұловтың ісі қаралып жатыр. Оған «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылған. Сыбайласы ретінде Мәди Қанапинге де күдік келтірілген.

Экс-шенеуніктің адвокаттары бұлтартпау шарасын ауыстыруды сұрағанымен, сот оның ұсынысын қабыл алмады. Екі күдікті де тағылған айыптармен келіспей отыр. Өздерінің кінәсін мойындамады.

Айта кету керек, биыл қыркүйек айында аталған айыпталушылар 2016 жылы салынған «Күн» атты субұрқақ құрылыс кезінде 1 млрд-тан астам қаржыны қолды етті деген күдік бойынша ұсталған еді. Өйткені, 2017 жылдан бері бұл су бұрқақ апатты жағдайда деп танылған. Және оның құрылысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұза отырып жүргізілген. Жоба-сметалық құжаттамасы мүлде болмаған. Мемлекеттік сараптамадан да өтпеген.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, құрылыс салу кезінде техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін, сапасы нашар материалдар пайдаланылған.

Сонымен қатар, Болат Мажағұловтың 3 коммерциялық нысаны, 2 автотұрағы мен қымбат пәтері бұғатталып отыр. Екі күдіктінің 572 миллион теңгеден астам қаражатына шектеу салынды. 

Сондай-ақ оқыңыз