Жаңалықтар

Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев психологтарға жүгінген емес – Денсаулық сақтау басқармасы

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы Талғарда Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың психологиялық жай-күйіне қатысты арызданбағанын айтты.

«Ол ешқашан бізге жүгініп келген емес. Біздің міндеттеуге құқығымыз жоқ. Бұл жөнінде нақты ақпарат бере алмаймыз. Өйткені бұл адам аурухана емес, басқа жерде қайтыс болған», – деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметі.

Сондықтан Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы ешқандай түсініктеме бере алмайтынын, істің полиция құзыретінде екенін алға тартып отыр.  

Алматы облысы полиция департаменті болса, Нұрғанат Ғайыпбаевтың Шерзат Болатпен мессенджерде жазысқан хатын жариялап, «өзіне-өзі қол салды» деп ақпарат таратып отыр.

Қаржау Нұрымов інісі Нұрқанат Ғайыпбаевпен жазысқан хатын растады. Десе де, оны біреулер «суицид жасауға итермеледі» деп есептейді.

«Нұрғанат өлетіндей бала емес еді», – дейді Шерзаттың әкесі.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі Шерзат Болат жерленген бейіттің маңындағы құздың төменгі жағынан табылған.

Шерзат Болаттың ісімен айналысып жатқан Салтанат Нүкенованың ағасы, белсенді Айтбек Амангелді мен адвокат Саида Тәуекелова енді Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісіне араласпақ.