Сириядан қашып, Ресейді паналаған Башар Асадтың Мәскеуде 20-ға жуық пәтері бар

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Башар Асад Мәскеуден 20-ға жуық пәтері сатып алған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ресейді паналаған Башар Асадтың Мәскеуде 20-ға жуық пәтері бар. Бұл туралы Global Witness халықаралық қауымдастығы хабарлады.

Қауымдастықтың мәліметінше, Башар Асадтың туыстары «Мәскеу-Сити» кешенінен 20-дан астам элиталық пәтер иеленген.

Асадтың ағасы Мұхаммед Махлуфтың отбасы 2013 жылдан бері «Мәскеу-Сити» кешенінен жылжымайтын мүлік сатып алумен айналысқан. Құжаттарға сәйкес, бұл пәтерлердің жалпы құны шамамен 40 миллион долларға бағаланады. 13 нысан президенттің немере ағасы Хафиз Махлуфқа немесе оған тиесілі компанияларға тіркелген. Басқа бірнеше пәтер Рами Махлуф және оның туыстарының атына рәсімделген.

Бұл жылжымайтын мүлік халықаралық санкциялар тізімінде тұрған тұлғалардың сәнді өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Global Witness өкілдері бұл мәліметтерді Ресейдің сириялық режимді қолдау жолдарының бірі деп санайды.

Рами Махлуф, Башар Асадтың немере ағасы, ұзақ уақыт бойы Сирияның ең бай адамы ретінде танылды. Ол Syriatel телекоммуникация компаниясының иесі. Алайда, 2011 жылы оған қарсы Еуроодақ санкция енгізіп, оны халыққа қарсы зорлық-зомбылықты қолдаған режимді қаржыландырды деп айыптады.

Еске сала кетейік, Сирияның көтерілісшіл күштері Дамаскідегі президент Башар Асадтың резиденциясын басып алып, оның гаражынан қымбат көліктердің коллекциясын тапты. Бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериалдарда көрсетілген.

Ensonhaber басылымының мәліметінше, көтерілісшілер Асадтың гаражынан Ferrari, Audi, Mercedes маркалы көліктердің қатар-қатар тізіліп тұрғанын көрген.

8 желтоқсанға қараған түні Сириядағы он күнге созылған қақтығыстардан кейін, көтерілісшілер үкіметке қарсы әрекеттерін жалғастырып, ел астанасы Дамаскті бақылауына алды. Бұл шайқастар елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында басталған болатын. Президент Башар Асад жағдайдың ушығуына байланысты шұғыл түрде астананы тастап кетуге мәжбүр болды.

Сондай-ақ оқыңыз