Арзан тауарлар сататын Fix Price акционерлеріне 150 млрд теңге дивиденд төледі

Жарияланды
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Арзан тауарлар сататын дүкендер желісін басқаратын Fix Price компаниясы 150 млрд теңге дивиденд төлейтінін хабарлады.

5 желтоқсанда компанияның директорлар кеңесінің төрағасы 2022, 2023 және 2024 жылдарға арналған аралық дивидендтер төлеу туралы шешім шығарды. 2022 жыл үшін акционерлерге 2,2 млрд рубль (11 млрд теңге), 2023 жыл үшін 0,4 млрд рубль (2 млрд теңге) және 2024 жыл үшін 27 млрд рубль (135 млрд теңге) төлемін бекітті.

«Компанияның рубльден басқа валютада төлем жасауына құқығы бар. Есептеулер Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің курсы бойынша жүргізіледі. Реестрді жабу мерзімі – 2024 жылдың 13 желтоқсаны. Аралық дивиденттер реестр жабылған күннен бастап екі ай ішінде төленеді», – деп жазылған компания таратқан баспасөз релизінде.

Fix Price – Ресей және әлемдегі арзан тауар сататын ең ірі дүкендер желісі. 2024 жылдың 30 қыркүйегіндегі есеп бойынша, компанияның 6891 дүкені болды.

2023 жылы қазанда Fix Price тіркеуін Кипрден Қазақстанға ауыстыратынын мәлімдеп, «Астана» халықаралық қаржы орталығында Fix Price Group Plc деген атаумен тіркелді.  2023 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, елімізде 262 дүкен ашылды, ол жерде 1600 қызметкер жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз