2024 жылы ЖІӨ былтырғыдан әлдеқайда төмен болады – Halyk Finance
Осы жылы Қазақстанда мұнай өндірісі төмендегендіктен, ЖІӨ деңгейінің өсімі де баяулайды. Бұл туралы Halyk Finance сарапшылары жазады.
2024 жылдың алғашқы он айының қорытындысы бойынша, мұнай-кен өндірісі секторындағы өсім бар болғаны 0,3%-ды құрады, ал төртінші тоқсанда бұл көрсеткіш жылдық 1%-дан да аспайды. Тіпті экономиканың басқа салаларында, әсіресе, қазір қарқынды өсіп келе жатқан сауда секторында өсім болса да, сарапшылар 2024 жылы ЖІӨ өсімі өткен жылдан әлдеқайда төмен болады деп отыр.
«Біз осы жылы экономика өсімі 4%-дан жоғары болады деп күтпейміз, болжамымызша, 2024 жылдың соңында 3,9% деңгейінде болады. Тау-кен секторының ЖІӨ-дегі үлесі айтарлықтай болғанмен (14%), жалпы экономикалық өсімге тұсау болып тұр» – деп жазады Halyk Finance мамандары.
Бұған басты себептің бірі ретінде шикі мұнай өндірісінің азаюын айтады, ол өткен жылдың қазанымен салыстырғанда 1,8%-ға қысқарған. Бұл жалпы салаға үлкен ықпал етті, себебі тау-кен өнеркәсібінде мұнай өндіріс басымдыққа ие (71%).
Бұған дейін Энергетика министрлігі 2024 жылы мұнай өндірісіне қатысты болжамын 90,3 млн тоннадан 88,4 млн тоннаға дейін өзгерткен еді. Егер ол жүзеге асса, биылғы қорытынды бойынша мұнай өндірісі 2%-ға азаяды.
Қазір мұнай бағасы бір баррель үшін 72-73 доллар, өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Былтыр бір баррель доллар 82,2 долларға сатылған еді. Бағаның төмендеуі де мұнай секторына қосымша қысым түсіріп, экономиканың жалпы өсімін шектейді.
«Осы арқылы мұнай өндірісіне қатысты жағымды болжам орындалған күннің өзінде, жыл соңында мұнай өндірісінің төмендеуі байқалады. Мұнайдың тау-кен өндірісі секторындағы үлесін ескеретін болсақ, біздің бағалауымыз бойынша, 2024 жылы бұл сектордың өсімі 1%-дан аспайды. Тіпті өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 5%-ға жақын деңгейде, ал сауда 7-8% көлемінде өсім көрсетсе де, тау-кен өндірісінің тым қатты баяулауы ЖІӨ өсімін 4%-дан асырмайды», – дейді сарапшылар.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі ЖІӨ көлемін 6%-ға жеткізу керек деп жоспарлаған. Бірақ мамандар бұл мүмкін емес дейді. Ресейлік АКРА агенттігі Қазақстан экономикасы 2024 жылы 3,8%-ға, 2025 жылы 4,2%-ға өседі деген болжам жасады. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, еліміздің ЖІӨ-і 2024 жылы 3,5%-ды құрайды. Ал 2025 жылы 4,6%, 2026 жылы 4%-ды көрсетуі мүмкін.