Қаржы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу туралы 34 рет келісімшартқа отырған. Алынған қаржы инвестициялық және басқа да жобалар үшін жұмсалған деп жазады LS.
2024 жылдың 1 қазанындағы есеп бойыша, халықаралық кредит бойынша қарыз 5,5 млрд доллар (2,6 трлн теңге).
Қазақстан үкіметіне ең көп қарыз берген – Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚҚДБ). Қазақстан қаржы ұйымынан 3,29 млрд доллар (1,6 трлн теңге) борыш алған. Одан кейін Азия даму банкі (АДБ) 1,4 млрд доллар (665,8 млрд теңге) берген. Азиялық Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкі (АИИБ) 633,3 млн доллар (303,5 млрд теңге) қарызға берген.
Мемлекет Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 82,4 млн доллар, Исламдық даму банкінен (ИДБ) 60,2 млн доллар (28,8 млрд теңге) және Араб Экономикалық Дамуының Кувейт Қорынан 362 мың доллар (173,6 млн теңге) алған.
«Бүгінде үкімет тағы үш халықаралық қаржы ұйымынан жеңілдікпен қаржы алу мәселесін қарастырып жатыр», – деп атап өтті Қаржы министрлігі. Нақты айтқанда ХҚҚДБ-дан тағы 84,9 млрд йен, АДБ-дан 52,3 млрд йен және АИИБ-дан 52,7 млрд йен алмақшы. Аталған қаражат көлік инфрақұрылымы, өндіріс, білім және басқа бағыттарға да жұмсалады.
Биыл қарашада Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі 26 трлн теңгеден асқанын айтты. Оның сөзінше, борыш көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 23%-ды құрайды. Заң бойынша, ол көрсеткіш 30%-дан аспауы керек.