Сириядағы биліктің ауысуы нарықтарға қалай әсер етті?
9 желтоқсан күні мұнай мен алтын бағасы Сириядағы билік ауысқаннан кейін өсті. Нарық Таяу Шығыстағы жаңа тұрақсыздықтың салдарын бағалап жатыр. Түркияда құрылыс саласындағы жергілікті компаниялардың акциялары қымбаттады. Инвесторлар бұл компаниялар Сирияны қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады деп санайды.
Мұнай нарығы
Brent мұнайының бағасы сауда барысында 1,3%-ға көтеріліп, барреліне 72 доллардан асты. Ал АҚШ мұнайы WTI шамамен 1,4%-ға қымбаттап, барреліне 68 доллардан асты.
Нарық Сириядағы биліктің ауысуын қадағалап отыр. «Қазіргі баға нарықтар негізінен Сириядағы шиеленіс тек ел аумағынан әрі таралмайтынын байқатты. Демек, мұнай жеткізіліміне аса бір қауіп жоқ», – дейді IG Asia Pte нарықтық стратегы Цзюнь Жун Йеп.
Сириядағы жағдайдың өзгеруі шикізат нарығына белгілі бір деңгейде қолдау көрсетті, деді Mitsubishi UFJ Research and Consulting аға экономисі Томомичи Акута.
Түркияда акциялар өсті
Түркияның қор биржаларында 9 желтоқсанда құрылыс компанияларының акциялары күрт қымбаттады. Әсіресе цемент және болат өндірушілердің акциялары аспандап кетті. Bloomberg-тің хабарлауынша, инвесторлар құрылыс компаниялары билік өзгерісінен кейінгі Сириядағы жағдайды қалпына келтіруге маңызды үлес қосады деп санайды.
Мысалы, цемент өндіретін Oyak Cimento компаниясының акциялары 10%-ға жуық көтерілді, ал Cimsa Cimento компаниясының акциялары 9%-ға өсті. Cimsa компаниясын бақылайтын Haci Omer Sabanci холдингінің акциялары 2,5%-ға қымбаттады. Limak Dogu Anadolu Cimento және металлургиялық Isdemir компанияларының акциялары да 10%-ға жуық өсті. Түркияның ең ірі құрылыс компаниясы Enka İnşaat-тың акциялары 4%-ға артса, басқа девелопер Emlak Konut-тың акциялары 2%-дан аса өсті. Bursa Çimento компаниясының акциялары 5%-дан аса өсім көрсетті.
«Біздің сала жаңа жағдайға тиімді бейімделе алады», – деп мәлімдеді Түркияның цемент өндірушілер қауымдастығының төрағасы Фатих Юджелик. Қауымдастық мүшелері Сириядағы жағдайды қалпына келтіруге көмектесуге толықтай дайын.
«Түркия компаниялары үшін құрылыс секторында, цемент пен болат жеткізілімдерінде айтарлықтай мүмкіндіктер пайда болады. Себебі Түркия мен Сирия арасындағы географиялық жақындық әрі екі ел арасындағы сауда байланыстары түрік бизнесіне Сирияны қалпына келтіруде артықшылық ұсынады», – деді Info Yatırım жаһандық нарықтар зерттеу бөлімінің басшысы Юсуф Доган.
2022 жылдың соңында Дүниежүзілік банк Сириядағы қалалар мен өнеркәсіптің 2011 жылдан бері тартқан шығындарын 8,7-11,4 млрд доллар деп бағалаған. Бұл соманың екіден үш бөлігі физикалық инфрақұрылымға тиесілі екенін атап өткен жөн.
Алтын бағасы қымбаттады
Алтын бағасы Башар Асад үкіметінің жылдам құлауы Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі тұрақсыздандырғаны және Қытайдың алтын сатып алуды алты айлық үзілістен кейін қайта бастауының нәтижесінде өсті, деп хабарлады Bloomberg. Алтынның споттық бағасы бір сәтте 0,8%-ға өсіп, трой унциясына 2654,22 долларды құрады.
«Сирия үкіметінің құлауы қорғаныс активтеріне деген инвестиция ағынын арттыруы мүмкін», – деп жазды Bloomberg Аустралияның ANZ Group Holdings банкінің есебіне сілтеме жасап.
Қытайдың Халық банкі 7 желтоқсанда қараша айында 160 мың трой унция алтын сатып алғанын мәлімдеді. Бұл – Қытайдың сәуір айынан бергі алғашқы сатып алуы. Аталған жағдай Қытайдың өз резервтерін әртараптандыруды жалғастырып жатқанын көрсетеді. Алайда қараша айында сатып алынған көлем (шамамен бес тонна) осы жылдың басқа кезеңдерімен салыстырғанда өте аз, деді Bloomberg.
Сонымен қатар алтынға сұраныс Оңтүстік Кореядағы саяси тұрақсыздықтан да қолдау тапты. Ел президенті Юн Сок Ель 3 желтоқсанда импичменттен аман қалғаннан кейін қарсыластар елді солтүстіккореялық «коммунистік күштерден» қорғауға мүмкіндік бермегенін айтып, әскери жағдай енгізген болатын. Бірақ бұл әскери жағдай ұзаққа созылмады.