Ақтөбе облысында қуаты 150 МВт жел электр станциясы салынады. Станция құрылысын Қазақстанның даму банкі мен елдегі электролиз зауыты қаржыландырмақ.
Қазақстан қор биржасында жарияланған мәлімет бойынша Хромтаудағы жел электр станциясы – республикалық жоба.
«ЖЭС қоршаған ортаның экономикалық және әлеуметтік құрамдас бөліктерінің сәтті синтезінің мысалы бола алады. Жел электр станцияларының қуаты Eurasian Resources Group (ERG) кәсіпорындары өндіретін ферроқорытпалардың жасыл энергия көзі болуына әсер етеді. Сонымен қатар жоба аймақтың экологиясы мен экономикасының жақсаруына айтарлықтай оң әсер етеді», – делінген хабарламада.
Жобаның құрылыс кезеңінде 300 жұмыс орны ашылады. Станция пайдалануға берілгеннен кейін 25 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жобаның жалпы құны – 178 миллион АҚШ доллары. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ERG тобының бір бөлігі) және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаражат бөледі.
Нарықтық конъюнктура бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру, жабдықтарды сатып алу, іске қосу (EPC-келісімшарт, техникалық қадағалау, тексеру және т.б.) банктің шетел валютасында жүзеге асады.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында екі жел турбинасы іске қосылмақ. Станцияны толығымен 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
«ҚДБ стратегиялық маңызды бастамаларды қолдайды. Қазақстанның Париж келісімі бойынша міндеттемелері мен 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ұзақ мерзімді мақсатына сай көміртегіні азайтуға бағытталған жасыл жобаларды жүзеге асыруға атсалысады», – деп хабарлады Қазақстанның даму банкі.
Қазіргі таңда Хромтауда ҚДБ-ның қаржылай қолдауымен шлам қалдықтарын (бастапқы қалдықтарды) өңдеу бойынша жоба жүзеге асырылуда.
Қазақстан электролиз зауыты – алғашқы және жалғыз жоғары таңбалы бастапқы алюминий өндіруші кәсіпорын. Отандық металлургияның ірі өкілі. Әлем бойынша 200 алюминий алпауыттары арасындағы үздік ондыққа кіреді.
Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу саласындағы әлемдегі жетекші әрі неғұрлым әртараптандырылған компаниялардың бірі.
Қазақстанда қызметін бастағаннан бері ERG Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді дамытуға және жаңа жобаларады құруға 14,6 млрд астам доллар салды.