Путин Башар Асадқа саяси баспана бергенімен, онымен әзірге кездесетін ойы жоқ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Путиннің ресми кестесінде Асадпен кездесу жоспарланбаған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ресей президенті Владимир Путин отставкаға кеткен Сирия президенті Башар Асадқа саяси баспана беру туралы шешім қабылдады. Десе де Путиннің ресми кестесінде Асадпен кездесу жоспарланбаған. Бұл туралы Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.

«Әрине, мұндай шешімдер мемлекет басшысының қатысуынсыз қабылданбайды. Бұл – оның шешімі», – деп мәлімдеді Дмитрий Песков журналистерге.

Сондай-ақ Башар Асадтың Мәскеуге келіп, оған саяси баспана берілгені туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

«Асад мырзаның қай жерде екені туралы қазір сіздерге ештеңе айта алмаймыз», – деп қысқа қайырды Песков.

Путиннің Асадпен кездесу жоспарына қатысты сауалға Песков: «Президенттің ресми жұмыс кестесінде мұндай кездесу қарастырылмаған», – деп жауап берді.

Бұдан бөлек, Кремль Сириядағы жағдайды реттеу үшін «Астана форматына» қатысушы елдердің саяси консультацияларды жалғастыруы мүмкін екенін мәлімдеді.

«Бұл форматтың бастапқы мақсаттары жүзеге асырылды. Бірақ, екінші жағынан, бұл елдер арасында пікір алмасу мен саяси консультациялар механизмі ретінде ол әрқашан өзекті. Осыған байланысты мұндай консультациялар белгілі бір формада жалғасатын болады», – деп мәлімдеді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Kursiv.media Астана процесін жалғастыру, Сирия бойынша келіссөздер жүргізу кестесі және жалпы жоспарлар туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады. Материал жария болғанға дейін ведомстводан жауап келмеді.

Ресейді паналаған Башар Асадтың Мәскеуде қанша пәтері бар?

Айта кетейік, Ресейді паналаған Башар Асадтың Мәскеуде 20-ға жуық пәтері бар.

Global Witness халықаралық қауымдастығының мәліметінше, Башар Асадтың туыстары «Мәскеу-Сити» кешенінен 20-дан астам элиталық пәтер иеленген. Асадтың ағасы Мұхаммед Махлуфтың отбасы 2013 жылдан бері «Мәскеу-Сити» кешенінен жылжымайтын мүлік сатып алумен айналысқан. Құжаттарға сәйкес, бұл пәтерлердің жалпы құны шамамен 40 миллион долларға бағаланады. 13 нысан президенттің немере ағасы Хафиз Махлуфқа немесе оған тиесілі компанияларға тіркелген. Басқа бірнеше пәтер Рами Махлуф және оның туыстарының атына рәсімделген.

8 желтоқсанға қараған түні Сириядағы он күнге созылған қақтығыстардан кейін, көтерілісшілер үкіметке қарсы әрекеттерін жалғастырып, ел астанасы Дамаскті бақылауына алды. Бұл шайқастар елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында басталған болатын. Президент Башар Асад жағдайдың ушығуына байланысты шұғыл түрде астананы тастап кетуге мәжбүр болды. 

Сондай-ақ оқыңыз