Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында электронды кезек іске қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жүйе Жамбыл және Алматы облыстарындағы өткізу бекеттерінде іске қосылады/ Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында электронды кезек жүйесі іске қосылады. Қаржы министрлігі автокөлік құралдарын, жүктер мен тауарларды, оның ішінде ақылы негізде электронды кезек жүйесін пайдаланып, мемлекеттік шекара арқылы өткізу қағидасына толықтырулар енгізу жобасын дайындады.

«Жобаны қабылдаудағы мақсат — Қырғыз Республикасымен шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінде электронды кезек жүйесін кеңейту», – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Электронды кезекті Жамбыл облысындағы Айша-Бибі, Ауқатты, Қарасу, Қордай, Сартөбе, Сыпатай батыр және Алматы облысындағы Кеген өткізу пункттеріне енгізу жоспарлануда.  

Қаржы министрлігі жобаны қабылдау барысында  республикалық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке еш әсер етпейтінін атап өтті. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын азайтуға немесе ұлғайтуға әкеп соқпайтынын да мәлімдейді.

Жоба 2024 жылғы 23 желтоқсанға дейін жария талқылауда болады.

Сондай-ақ оқыңыз