Қазақстанда ХҚКО-лар жекешелендірілмейді — Роман Скляр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда ХҚКО маңын торуылдаған «көмекшілермен» күресетін серіктес ұйымдар пайда болады / Фото: kursiv.media архиві

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жекешелендірілмейді. Осындай мәлімдеме жасаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттардың ХҚКО-ларды жеке меншікке беру мәселесіне қатысты алаңдаушылығы мен сынына жауап берді.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева ХҚКО-ны жеке меншікке беру бастамасына қарсы екенін айтып, депутаттық сауал көтерген болатын. Смышляева бұл шешімнің артында азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қауіп төну жатқандығын айтқан.

Депутаттың бұл уәжін Роман Скляр орынды деп есетпейді.

«Қолданыстағы заңнама мен ішкі регламенттерге сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бэк-офис функцияларын беру немесе инфрақұрылымын жекешелендіру жоспарланбайды және жүзеге асырылмайды», – деді Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.

Вице-премьердің айтуынша, мемлекеттік корпорация мемлекеттік стандарттар мен белгіленген талаптарға сәйкес жұмысын жалғастырып келеді. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жұмылдырылған барлық инфрақұрылым мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында.

«Мемлекеттік корпорацияның инфрақұрылымы тек мемлекеттік міндеттерді іске асыруға арналған және азаматтарға қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуде өз рөлін атқаруды жалғастыруда», – деп сендірді Скляр.

Сонымен қатар вице-премьер ХҚКО-лардағы «көмекшілердің» қызметіне қатысты да пікір білдірді. Ол мұндай делдалдардың әрекеті белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін ашып айтты. Скляр бұл мемлекеттік қызметтерді алу процесінің ашықтығы мен қолжетімділігіне теріс әсер ететінін алға тартты. Ол мәселені шешудің де жолын ұсынды.

Үкімет ХҚКО-ларды торуылдаған «көмекшілерден» қалай құтылмақ?

«Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан реттелетін және бақыланатын серіктес ұйымдарды енгізу көзделуде. Олар азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету ережелері мен ел заңнамасына қатаң сәйкестікте көмек көрсететін болады. Осы механизмді 2025 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр», – деді вице-премьер.

Роман Склярдың пікірінше, серіктес ұйымдарды енгізу мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, бейресми делдалдардың пайда болуына жол бермейді.

Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық кәсіпкерлер жеке халыққа қызмет көрсету орталығын ашып, мемлекеттік қызмет арқылы табыс таба алатыны жайлы хабарлаған едік.  

Дегенмен кәсіпкерлерге жеке Халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) ашуға рұқсат беру туралы жаңалық, қоғамда қызу талқыға түсуде. Ел азаматтарын ең алдымен дербес деректердің қауіпсіздігі алаңдатып отыр

Жеке ХҚКО не үшін керек?

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының өкілдерінің айтуынша, бұған дейін халыққа қызмет көрсету орталықтарын тек «Қазпошта», банктер мен кейбір нотариустар аша алатын еді. Алайда мұндай орталықтары жоқ, шалғайдағы елдімекен тұрғындары қандай да бір анықтама алу үшін ауданға немесе қалаға қатынауға мәжбүр болатын. Мемлекеттік корпорация енді оның шешімін кәсіпкерлерге беру арқылы шешпек болды.

Сондай-ақ оқыңыз