Ресейдің соғысқа кеткен шығыны рекордтық деңгейге жетті
2024 жылдың әр тоқсаны сайын Ресейдегі соғыс бюджеті көбейіп жатыр. Үшінші тоқсанда «ұлттық қауіпсіздік» деген бап бойынша бюджеттік шығындар 4,23 трлн рубльге жетті. Мұны Халықаралық қауіпсіздік мәселелері институтының мамандары «Электронды бюджеттегі» ашық дерек негізінде есептеп шығарған.
Осы жылы үшінші тоқсандағы әскери бюджет екінші тоқсанмен салыстырғанда 80%-ға, ал жылдық есепте 53%-ға артты. Шілде-қыркүйек аралығында ресейлік үкімет әскерді қамтамасыз ету мен қару-жарақ сатып алуға аптасына 329 млрд рубль жұмсаған. Күніне 47 млрд рубль, сағатына 1,96 млрд рубль шығады. Теңгемен есептегенде Ресей соғысқа күніне 235 млрд теңге, сағатына 10 млрд теңге жұмсайды.
Институт мамандарының есептеуінше, 2024 жылдың бір тоқсанында соғысқа жұмсалған қаржы елдегі білім беру жүйесінің үш жылдық бюджетіне (1,546 трлн рубль), «Денсаулық сақтау» атты ұлттық жобаның 15 жылдық бюджетіне және Иркутск, Новосібір тәрізді ірі аймақтардың 15 жылдық бюджетіне тең келеді.
Осы жылы әскерилердің жалақысы және оларға берілетін бонустар да 26%-ға көбейіп, үшінші тоқсанда 614 млрд рубльге жетті.
Сарапшылар 2024 жылдың 9 айында әскери шығындар үшін жалпы 7,1 трлн рубльге кетті дейді. Бұл федералды бюджеттегі барлық шығындардың 27%-на тең. Осы есептеумен айналысқан институт маманы Янис Клюгеннің дерегінше, алғашында биылғы бюджетте әскери шығындар үшін 10,7 трлн рубль салған. Бірақ іс жүзіндегі шығындар одан көбірек болуы мүмкін дейді ол.
2025 жылы Ресей үкіметі соғысқа деп 13,49 трлн рубль бекіткен еді. Егер солай болса, жалпы ел бюджетіндегі әскери шығындар үлесі 32,5%-ға жетеді. Бұл Кеңес Одағы дәуірінен кейінгі ең көп шығын болмақ.
Соғыс шығындарының жанында әлеуметтік шығындар жалпы бюджеттің 16%-ын ғана құрайды. Мемлекеттік дума бекіткен «2025-2026 жылдарға арналған федералды бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, келесі жылы денсаулық сақтауға 1,86 трлн рубль бөлінеді. 2024 жылдағы бюджетпен салыстырғанда, бұл 18,6%-ға аз. Білім беру саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай өзгермеген, бірақ ол қаржы жалпы бюджет шығындарының тек 3,7%-ын құрайды.