Қараша айында теңге 5%-ға құнсызданды. Ұлтттық банктің нарыққа араласуының арқасында доллар бағамы сәл тұрақталды. Қор биржасының кешкі сессиясында доллар 508 теңгеден сатылды. Десе де Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан нарық өкілдері алдағы 1 айда доллар бағамы 524,1 теңгені құрауы мүмкін деп болжайды.
Ал 2025 жылы доллар тағы 6%-ға қымбаттап, 542 теңгеге дейін жетуі ықтимал. Нарық өкілдерінің арасында сауалнама доллар қатты қымбаттап жатқан кезде жұргізілген. Сарапшылар теңгенің құнсыздануына мұнай бағасының арзандауы мен ресей рублі бағамының құбылуы әсер етеді деген пікірде.
«Ішкі факторлар мен Ресей рублінің құбылуынан бөлек, алдағы жылы теңгеге мұнай бағасының арзандауы әсер етуі мүмкін. Бір жылдан соң, мұнай бағасы барреліне 71,7 долар деңгейінде қалыптасады деген болжам бар. Оған АҚШ-тың мұнай өндірісін арттыруы мен Қытай, Еуропа тарапынан шикізатқа деген сұраныстың азаюы себеп болмақ», – делінген қауымдастық шолуында.
Бұл ретте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 100 базистік пунктке көтеріп, 15,25% -ға жеткізді. Бұл – айырбас бағамы мен бағаны тұрақтандыру үшін қолға алынған шаралардың бірі. Нарық өкілдерінің 55%-ы алдағы жылы базалық мөлшерлеме осы деңгейде сақталады деп отыр.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамын шектеп ұстауға қарсы. Сенат отырысында ҰБ басшысы доллар бағамын шектеу нарықта теңгерімсіздік туғызып, девальвацияға апаратынын мәлімдеген.
Бұған дейін Еуразиялық даму банкі долларға қатысты болжамын жариялап, АҚШ валютасы 486 теңгені құрауы мүмкін екенін айтқан.