Қазақстанның халықаралық резерві қараша айында 1,6 млрд долларға азайды
Қазақстанның жалпы халықаралық резерві қараша айында 45,8 млрд доллардан 44,2 млрд долларға дейін азайған. Ал Ұлттық қордың валюталық активтері 60,5 млрд доллардан 60,8 млн долларға жеткен. Нәтижесінде елдің халықаралық валюта резерві 105 млрд долларды құрайды.
Қараша айындағы статистикасына сәйкес, өткен айда Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 3,58%-ға азайған. Соның ішінде еркін айналатын валютадағы үлесі 19,9 млрд доллардан 18,9 млрд долларға дейін азайған.
Қараша айында Ұлттық банк доллар бағамын ұстап тұру үшін өз қорындағы долларды сатып, интервенция жасаған. Базалық мөлшерлемеге қатысты баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов интервенция барысында 1 млрд доллар саттық деп мәлімдеген.
Резервтегі монетарлық алтынның үлесі де 2,47%-ға кеміп, 25,9 млрд доллардан 25,3 млрд долларға дейін азайғfy.
Ал Ұлттық қордың валюталық активтері қазан айында -3,24%-ға азайып барып, қарашада 0,41%-ға өскен. Жыл басынан бергі өсім 1,35%-ды құрайды. Нәтижесінде қазірқорда 60,8 млрд доллар актив бар. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді тапсырған.
Халықаралық резервтер (алтын-валюта резерві) – ҰБ қарамағында және бақылауындағы өтімділігі жоғары шетелдік активтер. Бұл резервтер әдетте шетел валютасын ұстау, арнайы қарыз алу құқығы, ХВҚ-дағы резервтік позиция және монетарлық алтыннан тұрады. Мемлекет оны төлем балансы тапшылығын қаржыландыру, ұлттық валютаның бағамын ұстап тұру, сыртқы мемлекеттік қарызды жабуға пайдаланады.