Баға қайда барасың? Қазақстандықтар қымбатшылық қыса ма деп алаңдаулы

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Баға өсті. Қымбатшылық қысады деп болжауға бола ма? / Фото: shutterstock

Қазақстандықтар алдағы 12 айда қымбатшылық тосып тұр деген ойда. Ұлттық банктің тапсырысымен жүргізілген зерттеуде респонденттер алдағы уақытта инфляция 14,1% болады деп пікір білдірген. Ал қазан айындағы сауалнама инфляция орташа 12,5%-ды құрайды деген болжам айтылды.

Халықтың инфляцияға қатысты болжамының өзгеруіне теңгенің күрт құнсыздануы мен елдегі қымбатшылық әсер еткен. Одан бөлек, респондеттердің көпшілігінің тұрмыс жағдайы нашарлауы себепті тұтыну көңіл-күйі нашарлады. Тұтыну көңіл-күйінің индикаторы 114,7-ден 111-ге дейін төмендеп кеткен.

Зерттеуге сәйкес, қараша айында азық-түліқ пен дәрі-дәрмек қымбаттағанын сезінген халықтың қарасы көбейді. Респондеттердің 68,2%-ы Қазақстанда ет пен сүт, жеміс-жидек пен көкөніс қымбаттағанын айтқан.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында халық дәрі-дәрмек, киім мен аяқкиім, тұрмыстық химия бағасы көтерілгенін атап өткен. Коммуналық және медициналық қызмет бағасы шарықтап барады.

Ұлттық банк халықтың инфляциялық көңіл-күйі мен болжамын базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарарда ескереді. Бұған дейін Ұлттық банк 2025 жылға арналған болжамдарын жариялаған. Бас банк алдағы жылы инфляция 6,5-8,5% аралығында, 2026 жылы – 5,5-7,5% шегінде, 2027 жылы 5%-ға жақындайды деп болжайды. Ал қараша айында жылдық инфляция 8,4 пайыз деңгейінде қалыптасқан.

Сондай-ақ оқыңыз