Түркия Сириямен шекарасында босқындар үшін өткізу бекетін ашты
Түркия сириялық босқындардың еркін жүруі үшін 2013 жылдан бері жабылған Яйладагы шекара бекетін қайта ашты. Башар Асад режимі құлағаннан кейін, жүздеген адам Сирияға оралу үшін шекараға бет алған. Түркия 2011 жылдан бері 3 миллионға жуық сириялық босқынды қабылдаған.
Түркия Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін, сириялық босқындардың отанына қауіпсіз және ерікті түрде оралуына ықпал ету үшін Сириямен шекарада Яйладагы шекара өткелін ашты.
«Кешеден бастап Сирияда қараңғылық дәуірі аяқталып, жаңа, жарқын тарау басталды. Сириядағы өзгерістердің қатты лебі барлық сириялықтарға, әсіресе босқындарға жақсылық әкеледі», – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Ол Түркияның әскери операциялары және Сирияның солтүстігіндегі күрд қарулы күштеріне қарсы Анкара қолдайтын Сирия ұлттық армиясының операцияларының маңызын атап өтіп, Түркияның өзге елдің территориясына таласпайтынын, тек «өз шекарасында терроризмге жол бермейтінін» айта кетті.
2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталғанда, Түркия 3 миллионға жуық сириялық босқынды қабылдаған. Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін, жүздеген сириялықтар отанына оралу үшін шекараға қарай бет алған.
Айта кетейік, осыған дейін бірқатар еуропалық елдердің Сириядан келген босқындардың саяси баспана алу туралы өтініштерін қарауды тоқтатқанын хабарлады.
8 желтоқсанда Сирияда Башар Асад режимі құлап, Асадтың өзі отбасымен бірге Мәскеуге қашып, Ресейден саяси баспана алған. KursivMedia Асадтың Мәскеудегі мүлкі туралы жазған еді.