Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев жаңа қызметке тағайындалды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бақтияр Артаев жаңа қызметке тағайындалды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Афина Олимпиадасының чемпионы, танымал боксшы Бақтияр Артаев Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігі хабарлады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Артаевты жаңа қызметте аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен кадрлық өзгерістер талқыланған жиында таныстырды.

Бақтияр Артаев 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы Грекияның Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, «Вэл Баркер» кубогын иеленген тұңғыш қазақ спортшысы. Олимпиададағы жеңісінен кейін түрлі басқарушылық қызметтерде жұмыс істеп, ел спортына өз үлесін қосты.

2009-2013 жылдары Жамбыл облысындағы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, сондай-ақ облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2013-2021 жылдары «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы корпоративтік қорының президенті, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры және «Астана арландары» ЖШС бас директоры қызметтерінде еңбек етті.

2021-2022 жылдары Қазақстан бокс федерациясының Ұлттық құрамасының үйлестірушісі және Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

Бақтияр Артаевтан бөлек бұл лауазымға басқа да үміткерлер болды. Спорт басқармасының басшысы болуға бұған дейін аталған қызметті уақытша атқарушы Жігер Айекешов, «Қайсар» футбол клубының директоры Садық Мұстафаев және Астана қаласы әкімдігі жанындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Елорда» спорт клубының басшысы Азамат Тағаев та үміттенген.

Еске сала кетейік, бұған дейін тағы бір олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз