АҚШ-та UnitedHealthcare компаниясының басшысы Брайан Томпсонды өлтірген күдікті ұсталды
АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы «МакДональдс» мейрамханасында 26 жастағы Луиджи Манджоне ұсталды. Бұл туралы Нью-Йорк полициясының комиссары Джессика Тиш баспасөз мәслихатында хабарлады.
Манджоне «МакДональдста» кітап оқып отырған кезде фастфуд қызметкері оны полиция таратқан фотосуреттерден танып қалған. Тұтқындау кезінде күдіктінің жанынан маска, атыс қаруы және басқа да күдікті бірнеше зат табылған. Нью-Йорк мэрі Эрик Адамстың айтуынша, бұл заттар оны қылмыспен байланыстыруы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, Манджонеден табылған қару «пистолет-елес» деп аталады, яғни 3D-принтерде жасалған. Сонымен қатар оның бірнеше жеке куәлігі болған: бірі – өз атына, екіншісі – жалған. Күдікті бұл құжаттардың бірін Нью-Джерси штатында жасатып, Нью-Йорктегі хостелге тіркелу үшін пайдаланған.
Еске сала кетейік, UnitedHealthcare компаниясының 50 жастағы басшысы Брайан Томпсонды 4 желтоқсан күні Нью-Йорктегі Hilton қонақүйі маңында біреу атып өлтірді. Полицияның айтуынша, күдікті маска киіп, бизнесменді қонақүй жанында күтіп тұрған. Томпсон қонақүйге жақындаған кезде оқ атылып, ол арқа және аяқ тұсынан жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Нью-Йорк полициясы күдіктіге әлі кісі өлтіру айыбын таққан жоқ. Қазіргі таңда детективтер Пенсильванияға барып, күдіктіні тергеп жатыр. Брайан Томпсонның өліміне қатысты ақпарат бергендерге 60 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындалды.
324 млрд доллардан астам табыс тапқан UnitedHealth Group Fortune 500 рейтингінде денсаулық сақтау компаниялары арасында бірінші орында тұр. Ол үшінші жыл қатарынан жалпы тізімдегі 5- орнын сақтап қалды. Компанияның штаб-пәтері Миннетонкада, Миннесота штатында орналасқан.