Қазақстан сарбаздары жіберілген Голан жоталарын Нетаньяху «Израильдің ажырамас бөлігі» деп мәлімдеді
Қазақстан сарбаздары жіберілген Голан жоталарын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильдің «ажырамас бөлігі» деп мәлімдеді.
Израиль премьер-министрі 1967 жылдан бері оккупацияланған бұл жерлердің мемлекет территориясы ретінде танитынын және жоталардың стратегиялық маңызы бар екенін айтқан.
«Біз Голан үстіртінің етегінде емес, оның биіктерінде орналасудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Голан үстіртін бақылауда ұстау арқылы өз қауіпсіздігіміз бен мемлекетіміздің суверинитетін қамтамасыз етеміз», – деп мәлімдеген.
Сонымен бірге халықаралық шарт бойынша, заңды негізде Сирияның территориясы саналатын жерлерді «Израильдің мәңгілік ажырамайтын бөлігі» деп атап өткен.
Нетаньяху, 2019 жылы Дональд Трамптың Голан шыңдарына қатысты Израиль суверинитетін мойындағанын айта келе, екінші мерзімге сайланған Америка президентіне шексіз алғысын жеткізген.
«Кеше Таяу Шығыста тарихтың жаңа парағы ашылды. Асад режимі құлады», – дей келе Нетаньяху Израильдің ХАМАС пен Хезболла ұйымдарына жасалған қарсы операциялардың нәтижесінде Асад режимі құлағанын айтқан.
Айта кетейік, Сириядағы жағдайдан соң, Израиль тарапы қауіпсіздік мақсатында Голан шыңдарында орналасқан әскерилер санын арттырған болатын. Ал 4 желтоқсанда БҰҰ бас ассамбелясы Израильдің Голан шыңдарын босатуын талап еткен болатын. Ассамблеяның 97 елі Израильдің бұл қадамын аннексия деп танып, өңірде бейбітшілк орнауына кедергі келтіретінін мәлімдеген.