Жалға берілген тұрғын үйлерді қазірден бастап жекешелендіруге болады – Құрылыс министрлігі
Жалға берілген тұрғын үйде тұратындар қазірден бастап, жекешелендіруге өтініш бере алады. Бұл туралы Үкімет кулуарында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қашкенов айтты.
Министрлік өкілінің мәліметінше, Қазақстанда барлығы 50 мыңнан астам жалға берілген тұрғын үй бар және сол үйлерде тұратын барлық азамат бүгіннен бастап, жергілікті атқарушы органдарға барып жекешелендіруге рұқсат алуға құқылы.
«Жобаға қол қойылды. Бұрын жекешелндіруге рұқсат берілмеген үйлерді приватизациялауға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл заң негізінде қазірден бастап, әкімдіктерге жүгінуге болады»,- деді вице-министр.
Қашкенов жекешелендіру үрдісі ұзақ жүретінін, сол үшін де азаматтар қазірден қамдануы тиіс екенін атап өтті. Ал жекешелендіру талаптарына сәйкес, үй құнының 30 пайызы көлемінде алғашқы жарнасын төлеу керек. Жалпы бөліп төлеу мерзімі – 10-15 жылды құрайды.
«Бұл заң 2025 жылдың 15 мамырында күшіне енеді. Заң талаптарына сәйкес, 6 ай күту туралы норма бар. Өйткені осы аралықта нормативтік-құқықтық актілер қаралып, ақпараттандыру жүйелері ретке келтіріледі. Жекешелендіру бойынша есепке қою үрдісі автоматтандырылған цифрлық форматта жүзеге асырылады. Қазіргі таңда 50 мыңнан астам жалға берілген үй бар»,- деді вице-министр.
Министрлік өкілі заңның келесі жылы күшіне енетініне қарамастан, осы 50 мың отбасының дәл бүгіннен бастап жекешелендіру шараларына кірісуіне ештеңе кедергі келтірмейтінін, әкімдіктерден жекешелендіруге рұқсат алуға болатынын жеткізді.