Жаңалықтар

«Отбасы банк» депозиттерге төленетін мемлекеттік сыйақыны алып тастай ма?

мемлекеттік сыйақы
«Отбасы банк» басшылығы мемлекеттік сыйақы туралы нормаларға өзгеріс енгізуі мүмкін / Фото: архив kursiv.media

«Отбасы банк» депозиттеріне мемлекеттік сыйақы төлеуге қатысты норма өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Үкімет кулуарында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

«Осыдан біраз уақыт бұрын «Отбасы банктің» депозиттерге төленетін мемлекеттік сыйақыны алып тастайтыны жөнінде ақпарат тарады. Бұл банктен салымшылардың кетуіне әсер етпей ме?», – деп сұрады журналист.

Ибрагимова мемлекеттік сыйақы депозит ашып, ипотекаға несие рәсімдейтін азаматтарға берілетінін айтты. Ал депозит ашып, артынша салынған қаражатын шығарып алатындарға берілмеуі мүмкін. «Отбасы банк» өкілінің айтуынша, бүгінгі күні банк салымшыларына берілетін мемлекеттік сыйақының көлемі 75-80 млрд теңгеге дейін жеткен. Нормаларға өзгеріс енгізу арқылы ел бюджетіне түсетін салмақты азайтуға болады.

«Мемлекеттік сыйақы көлемі жыл сайын артып келеді. Ел бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіп отыр. Қазіргі нормаларға сәйкес, салымшы 3 жыл бойы ақша жинап, депозитін шешіп алатын болса, ол жиналған соманы сыйақымен бірге, толық көлемде шығара алады. Біз қазіргі таңда осы мәселеге қатысты талдау жүргізіп жатырмыз. Меніңше, бәрі әділ болуы керек. Мемлекеттік сыйақы ең мұқтаж, пәтер алуға ниетті адамдарға берілуі тиіс. Банк осындай өзгерістерді көздейді. Мемлекеттік сыйақы банктен ипотекаға үй алатын адамдарға ғана берілуі керек», – дейді Ибрагимова.

Еске сала кетсек, брифинг барысында «Отбасы банк» өкілі «Наурыз» бағдарламасы бойынша депозит сомасы ұлғайтылатынын, ал алғашқы жарна көлемі 10%-ға төмендейтінін айтқан болатын.