Жаңалықтар

Алматы метросының «Абай» станциясында 26 жастағы азамат қайтыс болды

Абай станциясы оқыс оқиғаға байланысты уақытша жұмыс істемейді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы метросында 26 жастағы азамат қайтыс болды. Осы оқиғаға байланысты Абай станциясы тергеу аяқталғанша, жұмыс істемейді. Бұл туралы Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға бүгін, 10 желтоқсан күні 15:41-де болған. Абай станциясында жолаушы платформаға құлаған. Баспасөз қызметінің мәліметінше, станция кезекшісі мен жүргізуші жедел әрекет етіп, қозғалысты тоқтатып, жолаушыны перронға шығарған. Содан кейін дереу дәрігерлерді шақыртқан. Қазіргі таңда оқиға орнында құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр.

«Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға салдарынан 26 жастағы зағип жігіт көз жұмды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда»,- деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге метрополитеннің баспасөз қызметі Абай бекетінің құқық қорғау органдары тергеу жүргізгенше жабылатынын мәлімдеді. Ал метроның қалған станциялары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

«Полиция қызметкерлерінің тексеруі аяқталғанша, Абай стансасына кіру уақытша жабылып, пойыздар көрсетілген станцияға уақытша тоқтамайды»,-делінген хабарламада.