Депозитте 2 млн теңге жинау керек. «Отбасы банк» 2025 жылы ипотека талаптарын күшейтеді

Жарияланды
Отбасы банк депозитте
«Отбасы банк» салымшылары 2025 жылдан бастап бағдарламаға қатысу үшін депозитте 2 млн теңге жинақтауы қажет болады / Фото: Ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Отбасы банк» 2025 жылдан бастап «Наурыз» бағдарламасының ипотекалық талабын қатаңдатып, салымшылардың депозитте жинауы тиіс қаражатын 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін өсіруді көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет сағатында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Банк басшысының айтуынша, қазіргі таңда салымшы бағдарлама бойынша үй алуы үшін депозитінде 1 млн теңге көлемінде қаражат жинауы керек. Алайда бұл қаражат азаматтардың өтініші қабылданған соң, үй алуына жеткіліксіз. Сол үшін де банк бұл соманы көтері мәселесін ұсынған.

«Конкурстан өткен салымшы аз уақыт ішінде пәтердің 20%-ын салуы тиіс. Қазіргі таңда 2,5 мыңнан астам өтініштің 39%-ында ғана 20%-ды құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысу үшін салымшылардың депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді», – дейді банк төрағасы.

Банк басшысы шілде айында конкурстан өткен азаматтардың 20 пайыздық сомаға қатысты талаптарды орындауға 6 ай уақыт берілгенін, алайда кейбір қатысушылардың сол уақыттан бері аталмыш қаражатты жинақтай алмағанын айтты. Осы орайда депозитте жинақталатын сома мөлшерін 2 млн теңгеге көтеру туралы шешім азаматтардың үй алуын жеңілдету үшін жасалып отыр деп сендірді.

«Бұл шара салымшыларды қорғау үшін жасалып отыр. Салымшылар ақша іздеп, үйіне жөндеу жасап жүрмеуі керек. Конкурстан өткен соң, бірден баспанасына қоныстануы керек», – дейді Ибрагимова

Сондай-ақ Ибрагимова алғашқы жарнаны 10%-ға төмендету мәселесі қаралып жатқанын айтты.

«Құрылысшыларды ынталандыру және бастапқы тұрғын үйді жөндеуге кететін салымшы шығындарын азайту мақсатында құрылысшы компаниялардан дайын тұрғын үйді сатып алатындарға бастапқы жарнаны 10% деңгейінде белгілеу көзделіп отыр»,- деді ол.

Банк басшысы 2025 жылдың 2-тоқсанынан бастап тұрғын үйді пайдалануға беруді есепке ала отырып, 80 млрд теңгеге сұраныс бар екенін, республикалық бюджетті қарастырған кезде аталған соманы кезекте тұрғандарға беру мәселесін көтерді.

Сонымен бірге Ибрагимова банктің 2025 жылға 200 млрд теңге көлемінде облигация шығаратынын, бұған қосымша банкке мемлекеттен көмек қажет болатынын жеткізді.

«Бағдарламаларды жалғастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 200 млрд теңге облигациядарды шығарамыз. Банк облигациядарды 14-15%-бен нарық бағамы бойынша шығарады. 7%-ға дейін мемлекетпен субсидияланады. Бірінші рет 24 қаңтарда 8 млрд 180 млн теңге бюджеттен бөлуді сұраймыз. 2025 жылы Наурыз бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін бюджеттік қаржыны бөлу процесін тездетуді ұсынамыз», – деді.

Еске сала кетсек, «Отбасы банктің» 2025 жылдан бастап мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың алғашқы жарнасын 10%-ға дейін азайтуы мүмкін екенін Ләззат Ибрагимова 17 қазанда Сенат кулуарында айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз