Жаңалықтар

Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы өтті. Ауылдастары оның өзіне қол салғанына күдік келтіріп отыр

Шерзат Болат пен Нұрқанат Ғайыпбаевтың отбасы тұратын үй/фото: Шадияр Өстемір

10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында сағат екіде Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы өтті. Оған топырақ марқұмның денесі табылған жерден небәрі жүздеген метр әріде, 4 қазанда Талғарда қаза болған Шерзат Болаттың қасынан бұйырды.

Талғардың түбінде тұрғанымен, Азат ауылы Еңбекшіқазақ ауданына жатады. Ауылдың өзінің дербес әкімдігі жоқ. Қайназар ауылына қарайды.

Шерзат Болат пен Нұрқанат Ғайыпбаев тұрған үй Талғардан шыға берістегі алғашқы бұрылыстан бірнеше үйден кейін орналысыпты. Қара жамылып, қайғы жұтып отырған отбасы бәрін бір сәтке ұмытуға бекінгендей. Өйткені бүгінгі міндет, парыз – көңіл айтып келіп, жаназаға қатысатын жекжат-жұрағат, алыс-жақын ағайындарды қарсы алып, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу.

Нұрқанат осы жырадан төмен түскен

Нұрқанаттың денесі табылған жыраның екі жағында екі мола бар. Бір жағында мұсылман, екінші жағында христиан бейіті орналасқан. Нұрқанатты тапқан жырадан адамның өз аяғымен түсуі өте қиын. Тәуекел етіп, түскісі келген адам құлап кетіп, табанына бір-ақ құлдилайтыны анық. Өйткені тік жар. Тек бір ғана жерден ылдилап түсуге мүмкіндік бар. Бірақ жоғары жақтан оны бірден аңғару қиын. Түнде мүлде мүмкін емес. Тек жыраның табына түскен адамға ғана қауіпсіздеу аймақ көрінеді. Бірақ жол бойымен төмен түсіп, жыраның табанына айналып жетуге де болады.

Сөзге тартып көргенімізде туыстары бірі жақында ғана сүйікті немересі Шерзат Болатты жер қойнауына тапсырған ата-әжесіне бүгін бауыр еті баласы Нұрқанат Ғайыпбаевтан айырылуы қатты тигенін айтты. Қаралы отбасы үнсіздік жариялап отыр. Өйткені кеше адвокаттары келіп, осындай нұсқау берген.

Шерзат Болаттың жанынан Нұрқанаттың моласы қазылып жатқан сәт

Жаназа алдында Қаржаубай Нұрымовтың бейіт басына келіп, інісінің мәңгілік мекені қалай қазылып жатқанын қадағалап тұрғанын көрдік. Кеше ол інісінің қазасы суицид емес екені жайында күдігін ашық жариялаған еді. Сол жайында нақтылауды сұрағанымызда:

«Өлтіріп кетті! Басқа не деуге болады!»,– деді ол нық дауыспен.

Баспасөзге басқа мәлімет беруден бас тартты. Қаржаубай Нұрымов темірдей берік адам болып көрінді. Ұлы мен бауырының қабірінің қасында қайыспай тұрғандай. Әйтеуір, сырты сыр бермейді. Ал жан-дүниесінде қандай арпалыс жатқаны тек өзіне ғана аян.

Азат ауылында Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзіне-өзі қол салды дегенге сенетіндер некен-саяқ. Тіл тартып көрген адамдарымыздың дені (олардың ішінде алыс-жақын туыстары, көрші-қолаң, дос-жарандар да бар) суицид нұсқасына сенбейді.

«Нұрқанатты біз жақсы білеміз. Ғайыпбаевтың өзі медицина саласының маманы. Депрессияда жүрген жоқ еді. Өзі қайсар жігіт еді», – дейді дос жарандары.

«Ол менің баламның жолдасы еді. Баламды іздеп, екі күн бұрын үйге келген. Күйіктен, құлазудан кетті дегенге сену қиын», – дейді осы ауылдың бір тұрғыны.

Шерзат Болат қабірі

Әрине, Алматы облысы полиция департаменті таратқан суицид нұсқасы алдын ала мәлімет екенін, бірақ барлық нұсқа қаралып жатқанын қоса хабарлаған болатын. Баспасөз қызметі әзірге бұдан басқа ақпарат бере алмайтындарын мәлімдеп отыр.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, олар Шерзат Болат пен Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасына қатысты іс ауданды айтпағанда, облыстық, республикалық деңгейде назарға алынып отырғанын алға тартты.

«Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Істің мән-жайы тергеу амалдары аяқталған соң, бір-ақ айтылады. Шерзат Болаттың қазасы да, Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылған жер де Талғар ауданы аумағына қарайды. Бірақ олар біздің ауданда тұрады», – деді Еңбекбекшіқазақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаназаға арналып тігілген палатка

Әкімдік бұл отбасыға көмек беруге әзір екенін айтты. Қаржаубай 2025 жылы үй салуды жоспарлап отыр екен. Соған техника, басқа да кез келген көмек көрсетуге әзір екенін жеткізіпті. Алайда Қаржаубай бұл ұсыныстан бас тартқан.

 «Әр мекеме өзіне тиесілі жұмыстарын жасайды. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі тарапынан қандай да бір көмек қажет болса, біз дайынбыз», – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, Қаржаубай отбасын күзетуге Талғар ауданы мен Еңбекшіқазақ ауданы полиция қызметкерлері бірдей тартылған. Алматы облысы полиция департаменті Қаржаубай Нұрымовтың отбасы тәулік бойы күзетілетінін айтты. Бұл күзеттің қойылуы де тегін емес. Қаржаубай мен оның отбасына қоқан-лоқы көбейді. «Қылмыс әлемінің серкесімін» түрмеден хабарласқандар да, «Шерзаттың қасынан көріңді қаза бер» дегендер де болды.