2025 жылы АЕК 240 теңгеге көбейіп, 3932 теңгені құрайды. Тиісінше жол жүру ережесіне байланысты салынатын айыппұл көлемі де өсе түседі.
Ең үлкен айыппұл тәртіп сақшысын тыңдамағандарға салынады. Жол патруль полициясының көлікті тоқтату туралы талабын орындамаса, 157 280 (40 АЕК) беруі қажет. Егер осы заң бұзушылықты екінші рет қайталаса жүргізуші куәлігінен айырылып, 5 тәулікке қамалады. Жүргізуші куәлігінен айырылғандар қосымша 235 920 теңге (60 АЕК) төлейді.
Ең көп айыппұлдың бірі дұрыс жолмен жүрмеген жүргізушілерге салынады. Жаяу жүргіншілер жолымен, тротуармен жүргені үшін көлік иелері 58 980 мың теңге төлейді. Бағдаршамдағы қызыл түстен өтіп кеткені немесе жол реттеушісіне назар салмағаны үшін 39 320 теңге(10 АЕК), екінші рет қайталағаны үшін 58 980 теңге (15 АЕК) бекітілген.
Жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 19 660 теңге (5 АЕК) болады. Ал сағатына 20-40 шақырымға асырса – 39 320 теңге (10 АЕК) төлейді. Сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін 78 640 теңге (20 АЕК), ал бір жыл ішінде екінші рет ереже бұзса 117 690 теңге (30 АЕК) төлеуі керек болады.
Жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгендерге 19 660 теңге(5 АЕК), жол жүру белгісін сақтамағандарға 11 796 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады.
Көлікті тұраққа дұрыс қоймағаны үшін салынатын айыппұл да өсті. Тұрақ немесе аялдама ережесін бұзғандар 19 660 теңге (5 АЕК), тротуар немесе гүлзар жанына тоқтағаны үшін 39 320 теңге (10 АЕК) төлейді. Ал тұрақ үшін ақы төлеуден бас тартқандар қазынаға қосымша 11 796 теңге (3 АЕК) төлейтін болады.
Жолаушылар тасымалының ережесін бұзғаны, белдік тақпағаны және рөлде телефон қолданғаны үшін 19 600 теңге (5 АЕК) айыппұл бекітілді.
Ең аз айыппұл жаяу жүргіншілерге арналған. Олар жол ережесін бұзса 7864 (2 АЕК), егер екінші рет қайталаса 39 320 теңге (10 АЕК) төлейді.
Жол жүру ережесіне қатысты жаңа өзгерістер 4 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.