Freedom Finance Түркия мен БАӘ-нің брокерлік нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Freedom Holding Corp иесі Тимур Турлов айтты.
«Менің ойымша, жылдық табысымыздың 20-30%-ын [осы мақсатқа арнаймыз]. Біздің мақсатымыз – келесі жылдан бастау», – деді Турлов журналистердің сұрағына. Бірақ әзірге нақты қай кезде іске асатынын болжау қиын деп атап өтті.
Freedom Finance – Freedom Holding Corp. құрамына кіретін, құнды қағаздар нарығындағы кәсіби брокерлік компания. Қазақстанның 14 қаласында және Бішкекте кеңселері бар.
Ашық дереккөздеріндегі мәліметке сүйенсек, компанияның 2024 қаржы жылындағы таза пайдасы 375 млн долларды құрады. 2025 қаржы жылының 6 айында таза пайдасы 149 млн долларды құрады.
Ал жалпы Freedom Holding Corp.-тің түсімі 2025 қаржы жылының ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 580,9 млн долларды болды. Көрсеткіш 145,3 млн долларға (33%-дан астам) өсті.