Forbes Kazakhstan 2023 жылдағы төлеміне қарай отырып, елдегі ірі салық төлеушілер тізімін жасады. Ең бай жеке компаниялар тізімінде Владимир Ким, Нұрлан Смағұлов, Тимур Құлыбаев пен Болат Өтмұратовқа тиесілі кәсіпорындар бар. Ал былтыр дәулетті компаниялар қатарында болған Алмас Сұлтанғазин мен ресейлік Игорь Яковлевке тиесілі «Arena S» (Sulpak), Азамат Османовқа тиесілі Magnum Cash & Carry тізімнен төмен түскен.
Ел қазынасына ең көп салық төлеген – Владимир Ким мен Олег Новачукқа тиесілі Kaz Minerals. Былтыр мемлекетке 466,6 млрд теңге беріп, екінші жыл қатарынан ең бай кәсіпорын атанып отыр. 2023 жылы компанияның түсімі 1,8 трлн теңгені құрады, таза табыс – 406,8 млрд теңге. Компания Қазақстандағы кен орындарын (Бозшакөл, Ақтоғай) және Қырғызстандағы Бозымшақ атты алтын-мыс кен орнын басқарады.
Владимир Кимге тиесілі тағы бір кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясы биыл да ең бай компаниялардың тізімінен көрінді. 2023 жыл ішінде кәсіпорын ел қазынасына 100,5 млрд теңге төлеген. Былтырғы табысы – 109,7 млрд теңге, түсімі – 1,3 трлн тг.
Қазақстандағы бай компаниялардың бестігінде Нұрлан Смағұловтың «Астана Моторс» кәсіпорны және «Қазхром» компаниясы тұр. Смағұлов автоконцернінің табысы жыл сайын көбейіп, бұл тізімде «Астана Моторс» екінші орынға шықты. «Қазхром» мемлекетке 97,4 млрд теңге салық төлеп, бай компаниялар тізімінде төртінші орында тұр. Қызығы, компания акциясының 40% үлесі Қаржы министрлігіне тиесілі. 20,7%-ын Ибрагимовтар әулеті мен Александр Машкевич, 18,6%-ын Патох Шодиев иеленеді.
Бұл тізімдегі жаңа ойынша – Тимур Құлыбаев иеленетін «Каспий Мұнай» АҚ. Биыл қазынаға 72,5 млрд теңге салық төлеген. Былтыр да «Каспий Мұнай» ел қазынасына 49 млрд теңге төлеп, бай компаниялардың ондығынан көрінген еді. Кәсіпорын Атырау облысындағы Айранкөлде мұнай-газ барлау және өндірумен айналысады. Өнімнің 76%-ы шикі мұнай және мұнай өнімдері күйінде экспортқа шығады.
Қазақстандағы ең бай 10 компанияның тізіміне қосылған тағы екі ойыншы бар. Бірі – елдегі ең ірі алтын өндірушілердің қатарындағы «RG Gold» компаниясы. Оның бенефициары – Болат Өтемұратов. Биыл қазынаға 38,4 млрд төлеп, көп салық төлейтін компаниялар тізімінде 38-орыннан тоғызыншы орынға бірақ көтерілді. Бір жыл ішінде компания түсімі 3 еседен аса өсті. 2022 жылы кәсіпорынның түсімі 54 млрд теңге болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 171,5 млрд теңгені құрады.
Рейтингтегі жаңа ойыншы – «Qarmet» АҚ. Былтыр мемлекетке 36,4 млрд салық төлеген, кәсіпорынның түсімі 418,7 млрд теңгені құрады. 2023 жылы компания 3,2 млн тонна болат өндірсе, 2024 жылы бұл көрсеткішке 11 ай ішінде қол жеткізді. 2028 жылы «Qarmet» өндіріс көлемін жылына 5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.