Әкімдіктер тұрғын үй кезегіндегі босаған орындарға қосылғандардың деректерін жариялауға міндетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Әкімдіктер үй кезегі тізімінен 50 мыңға жуық адамды шығарған / Фото: kursiv.media 

Әкімдіктер өңірлерде үй кезегі бойынша тізімінен шығарылған азаматтардың орнына, баспана алуға үміткер болғандардың деректерін ашық жариялауға міндетті. Мұндай мәлімдемені Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты. Шенеуніктің сөзіне сенсек, әкімдіктер үй кезегіндегі тізімінен 50 мыңға жуық адамды шығарып тастаған. Оның себебі, арасында баспана алғандар немесе басқа аймаққа қоныс аударғандар болған.

Үкіметте өткен брифингте журналистер Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуаныш Қажкеновтен тұрғын үй кезегіндегі тазарту процесіне қатысты сынға түсініктеме беруді сұрады. Өйткені, қазақстандықтар кезектен кімдердің шығарылғаны және бос орындарға кімдердің қосылғаны туралы ақпараттың жоқтығына наразылық білдіруде.

Қажкеновтің айтуынша, қазіргі уақытта кезекте шамамен 650 мың адам тұр. Ал бос орындарды кезекте тұрған келесі азаматтар иеленген.

«2025 жылдың мамырында күшіне енетін тұрғын үй саясатын реформалау аясында кезектің жылжуы тіркеуге тұрған күнге байланысты жүзеге асады. Ал тазарту процесінің ашық еместігі туралы сынмен келіспеймін. Әкімдіктер бұл жұмысты жалғастыруда және ақпаратты өздерінің ақпараттық порталдарында орналастырады. Олар жыл сайын жаңартылған деректерді, соның ішінде бос орындарға кімдердің қосылғанын жариялауға міндетті», — деді Қажкенов.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, келесі жылдан бастап кезек тізімі тоқсан сайын, яғни жылына төрт рет жаңартылатын болады. Бұл жұмыс «Отбасы банк» арқылы жүзеге асады.

Ал банк төрағасы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік тұрғын үй кезегі толықтай автоматтандырылатынын айтады. Ол үшін мемлекеттік деректер базасы қолданылады, ал кезекке қою процесіне қандайда бір бармақ басты әрекеттерді болдырмау үшін жасанды интеллект элементтері енгізілетінін мәлімдеді.

«Біз «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларының тізімін 2017 жылдан бері жариялап келеміз. Онда азаматтардың аты-жөні мен өңірі көрсетілген. Мұндай тәсіл барлық бағдарламаларға қолданылуда, соның ішінде биылғы «Наурыз» жобасына да қатысты. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар деректердің ашықтығына келісім береді және өз фамилияларын, сондай-ақ басқа үміткерлерді көре алады, бұл олардың кезекте қанша уақыт тұрғанын салыстыруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Ибрагимова.

«Отбасы банк» ипотекалық талаптарды күшейтпекші

Айта кетейік, Үкімет сағатында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова «Отбасы банк» 2025 жылдан бастап «Наурыз» бағдарламасының ипотекалық талаптарын қатаңдатып, салымшылардың депозитте жинауы тиіс қаражатын 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін өсіруді көзделіп отырғанын айтты. Банк басшысының айтуынша, қазіргі таңда салымшы бағдарлама бойынша үй алуы үшін депозитінде 1 млн теңге көлемінде қаражат жинауы керек. Алайда бұл қаражат азаматтардың өтініші қабылданған соң, үй алуына жеткіліксіз. Сол үшін де банк бұл соманы көтері мәселесін ұсынған.

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қашкенов жалға берілген тұрғын үйде тұратындар қазірден бастап, жекешелендіруге өтініш бере алатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз