Сарапшылардың пікірінше, ФРЖ мөлшерлемесін 2025 жылы арттыруға мүмкіндік бар. Deutsche Bank қазіргі америкалық акциялардың өсуін 2000-шы жылдардың басындағы «доткомдар көпіршігімен» салыстырып, күмәнді дүниелер қатарына қосты. Облигациялар нарығында тұрақсыздық байқалып отыр. Халықаралық есеп айырысу банкі мемлекеттік қарыздың шамадан тыс көбеюі қаржылық дүрбелеңге әкелуі мүмкін екенін ескертті. 10 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
ФРЖ мөлшерлемелерін көтеру ықтималдығы артып келеді
Нью-Йорктегі Nuveen басқарушы компаниясы (1,3 трлн доллар активі бар) АҚШ-тың рецессиядан инфляцияны төмендету арқылы аман өтуін болжайтын «жұмсақ қону» сценарийінің қателесу мүмкіндігін қарастырады деп жазды Market Watch.
«Алдағы 12 айда, бәлкім, бірнеше жылда инфляция ФРЖ-ның 2% мақсатты деңгейінен жоғары болады», – деп мәлімдеді Nuveen инвестициялық директоры Андерс Перссон.
Оның айтуынша, Дональд Трамптың экономикалық саясаты инфляцияны қайта күшейтуі мүмкін. Бұл жағдайда ФРЖ мөлшерлемелерді қайта көтеруге мәжбүр болады, ал бұл экономикалық «стагфляция» сценарийіне әкелуі ықтимал. Мұндай жағдайда акциялар нарығы елеулі күйзелістерге тап болуы мүмкін.
Insight Investment портфельдік менеджері Нейт Хайдт те инфляцияның мақсатты көрсеткіштен ауытқитынын болжайды. Бірақ бұл ауытқу елеусіз болады деп санайды.
«Дефляция тенденциясы қазіргі кезде тоқтағаны сөзсіз. Бірақ біз орта мерзімді төмендеу үрдісі жалғасады деп күтеміз», – деді ол.
Америкалық акциялар нарығындағы оптимизм тәуекелді арттырады
Deutsche Bank Research деректері бойынша, АҚШ инвесторларының компаниялардың табысына қатысты болжамдары шындыққа сәйкес келмейді. Сарапшылардың пікірінше, акцияларға деген шамадан тыс оптимизм нарықты 2000 жылдағы «доткомдар көпіршігі» сияқты сілкіністерге әкелуі мүмкін деп жазды Market Watch.
FactSet мәліметтері бойынша, S&P 500 индексі 2024 жылы шамамен 27%-ға, ал 2023 жылы 24,2%-ға өсті.
«Нарық қатысушыларының көбі 2025 жылы да АҚШ акцияларына қатысты оптимистік көзқараста. Бірақ бұл дұрыс болмауы мүмкін», – дейді Deutsche Bank макроэкономикалық зерттеулер басшысы Джим Рейд.
Инвесторлардың оптимизмі тұтынушылардың алдағы алты айдағы табысқа деген пессимистік көзқарасымен үйлеспейді. Бұл айырмашылық нарықтағы үлкен тәуекелдерді көрсетеді.
Мемлекеттік қарыздың артуы қаржы нарықтарын шайқалтуы мүмкін
Халықаралық есеп айырысу банкінің (BIS) мәлімдеуінше, мемлекеттік қарыздың күрт өсуі қаржы нарықтарын тұрақсыздандыру қаупін тудырады деп жазды Reuters.
«Мемлекеттік қарыздың көбеюі облигациялар нарығында күйзеліс тудырып, басқа активтерге де әсер етуі мүмкін», – деді BIS-тің ақша-несие саясаты және экономика бөлімінің басшысы Клаудио Борио.
Халықаралық қаржы институтының (IIF) деректері бойынша, әлемдік суверенді қарыз 2028 жылға қарай үштен бірге артып, 130 трлн долларға жетуі мүмкін. Борио облигациялар нарығындағы ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңгерімсіздікке назар аударды.
«Қаржы нарықтары өсіп келе жатқан мемлекеттік қарызды сіңіруге мәжбүр болады. Ал саясаткерлерге осы жағдайға бейімделу үшін уақыт қажет», – деді ол.
Alphabet акциялары кванттық чиптің тұсаукесерінен кейін 5%-ға өсті
Google компаниясының бас холдингі Alphabet акциялары сейсенбі, 10 желтоқсанда 5,61%-ға өсті. Мұндай жағдай компанияның жаңа кванттық чип – «Уиллоу»-ды таныстыруынан кейін орын алды деп жазды CNBC.
Жаңа чиптің артықшылықтарын Tesla басшысы Илон Маск пен OpenAI бас директоры Сэм Альтман жоғары бағалады. Google бұл чиптің кванттық есептеулердегі қателер санын азайту қабілетін айтарлықтай жақсартқанын мәлімдеді.
Кванттық чиптер коммерциялық пайдалануға енгізілгеннен кейін компаниялар есептеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Дегенмен бұл технология шифрлау жүйелерінің бұзылу қаупін арттырады. Google-дан басқа Nvidia, Microsoft, IBM, сондай-ақ стартаптар мен университеттердің зерттеушілері де кванттық есептеулер саласында жұмыс істеп жатыр.