Freedom bank бизнеске несие беру үшін қор нарығынан 100 млрд теңге тартпақ
Freedom bank қор биржасына облигация шығарып, нарықтан 100 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Банк қаржыны инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсамақ. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына алаңында өткен Эмитент күнінде Freedom bank атқарушы директоры Фархат Сәрсекеев айтты.
Қаржы ұйымы номиналдық құны 100 теңге болатын 100 млн қамтамасыз етілмеген купондық облигация шығарады. Айналым мерзімі – 7 жыл. Облигациялар айналым мерзімінің соңына қарай өтеледі.
Купондық облигациялардың сыйақы мөлшерлемесі еркін инфляцияға байланған, орта есеппен жылдық 15,7%-ды құрайды.
Қор нарығынан тартылған 100 млрд теңге бизнеске кредит ретінде беріледі. Кәсіпкерлер 100 млн теңгеге дейінгі сомадағы қарызды 84 айға ала алады. Кредиттің пайыздық мөлшерлемесі орта есеппен 19-21% деңгейінде қалыптасады.
Freedom bank 2024 жылдың 9 айында 25,9 млрд теңге таза пайда тапқан. Жалпы активі 2,4 трлн теңгені құрайтын банк актив көлемі бойынша Қазақстандағы 21 ЕДБ арасында 8-орында тұр. Жеке капиталы – 165 млрд теңгеге тең. Қаржы ұйымының депозит портфелі 2,2 млрд теңгені құраса, кредит қоржыны 706 млрд теңгеден асқан.
Бұған дейін Freedom Holding Corp иесі Тимур Турлов Freedom Bank Тәжікстанда мобайл қосымшасын дамытып, ел азаматтары үшін ыңғайлы сервис ұсынатынын айтқан.