Кәсіпкер Эльдар Сәрсеновке тиесілі «Нұрбанк» ресейлік Kwikpay ақша аудару жүйесіне қосылды. Бұл туралы қаржы ұйымының сайтында жазылған. Аталмыш жүйеге банк «Золотая Корона» ақша аудару жүйесімен туындаған мәселелерден кейін көшуі мүмкін.
Биыл жазда «Золотая корона» жүйесін жасаған компания АҚШ санкциясына ұшыраған соң, бірқатар қазақстандық банк онымен жұмысты тоқтатқан.
`»Нұрбанктің» клиенттері енді Kwikpay жүйесі арқылы Армения, Грекия, Израиль, Кипр, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Өзбекстанға ақша аудара алады.
2023 жылдың тамыз айында Ресейдің Орталық банкі Kwikpay жаңа халықаралық төлем жүйесін тіркегені белгілі. Оның операторы – Мәскеуде 2019 жылы тіркелген «Трубная СИВ» ЖШҚ. Компанияның түпкі иесі – Ирина Хелльмих.
Төлем жүйесінің сайтындағы мәліметтерге сәйкес, оның пайдаланушылары Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Түркия және тағы 32 елге трансшекаралық аударым жасай алады.
2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, «Нұрбанк» АҚ Қазақстандағы 21 банктің ішінде актив көлемі бойынша 15-орынды иеленді. Банктің ірі акционері – Эльдар Сәрсенов. Ол JP Finance Group арқылы «Нұрбанктің» 86,42% акциясына ие. Кәсіпкер «Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер» арасында 42-орында тұр. Тағы 5,87% акциясы JA collection company ЖШС-ға тиесілі.