Қазақстанда қай өңір республикалық бюджеттен көп қаржы алады?
Қазақстанда қаржы тапшы өңірлер аз емес. Өз бюджеті жергілікті қажеттіліктерді толық қамтуға жеткіліксіз, сондықтан республикалық бюджеттен қаржылық көмек алатын аймақтар субвенцияға мұқтаж өңірлер деп аталады. Бұл өңірлердің негізгі сипаттары: экономикалық даму деңгейі төмен, табыс көздері шектеулі, өндірістік және инфрақұрылымдық базасы әлсіз.
Қазақстандағы субвенцияға мұқтаж өңірлер
2024 жылға дейінгі жағдай бойынша мұндай өңірлердің қатарына Оңтүстік Қазақстанның халық саны көп, бірақ экономикалық даму деңгейі төмен, сондай-ақ Батыс және Солтүстік Қазақстанның мұнай өндірісінен тысқары аймақтары мен ауыл шаруашылығына тәуелді кей өңірлері кіреді. Шығыс Қазақстанның тау-кен өндірісімен айналысатын кейбір аудандарының да табысы жеткіліксіз.
2025 жылға жоспарланған республикалық бюджетте еліміздегі 17 өңірге 5,7 трлн теңге субвенция бөлу көзделген. Қаржы негізінен оңтүстік өңірлерге бөлінген. Оның ішінде, 2025 жылы орталық бюджеттен Түркістан облысы 1,0 трлн теңге, Қызылорда облысы 476,7 млрд, Жамбыл облысы 465,9 млрд теңге көмек алмақшы.
Тек үш өңір донор болып отыр
Елімізде 20 өңір (17 облыс мен республикалық маңызы бар 3 қала) арасынан тек үшеуі ғана республикалық бюджетке донор болып отыр. Олар: Алматы қаласы, Астана қаласы және Атырау облысы. 2025 жылға қабылданған республикалық бюджетте аталған үш өңірден жалпы сомасы 504,2 млрд теңге қаржы алынады.
Маңғыстау облысы бюджетке берушіден алушыға айналды
Маңғыстау облысы ұзақ жылдар бойы еліміздің донор өңірі ретінде республикалық бюджетке қаржы аударып келді. Алайда 2023 жылдан бері донор қатарынан шығып, керісінше субвенцияға мұқтаж өңірге айналды. Мәселен, 2023 жылы республикалық бюджеттен 121,9 млрд теңге алса, 2024 жылы 135,6 млрд теңге алды. Ал келесі жылы Маңғыстау облысы ортылық бюджеттен 166,8 млрд теңге қаржы сұрап отыр. Осылайша мұнайлы өңірдің бірі жылдан-жылға республикалық бюджеттен субвенция көзін арттырып келеді. Мұнай өндірісі өңір экономикасын ірі табыс көзіне айналдырғанымен, бұл қаражат республикалық бюджетке бағытталады, ал жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі төмен.
Субвенцияға мұқтаждықтың негізгі себептері
Өнеркәсіптік дамудың төмендігі: көптеген аймақтарда өндіріс салалары жақсы дамымаған, бұл салықтық түсімдердің аз болуына әкеледі. Мысалы, Түркістан және Жамбыл облыстарының экономикасы көбіне ауыл шаруашылығына тәуелді, бұл саланың рентабельділігі төмен.
Шикізатқа тәуелділік: Қазақстанның көптеген аймағы шикізат өндіруге бағытталған. Алайда шикізат экспортынан түсетін негізгі кірістер республикалық бюджетке түседі, ал жергілікті өңірлер қосымша құн өндіруде әлсіз.
Халық санының жоғары болуы: оңтүстік аймақтарда халық тығыз орналасқан, бірақ жұмыс орындарының жетіспеуі кедейлік деңгейінің жоғары болуына және әлеуметтік шығындардың артуына әкеледі.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы шығындар: субвенцияға мұқтаж өңірлерде осы салаларға жұмсалатын шығындар жоғары, бірақ жергілікті бюджет оларды толық қамти алмайды.
Табиғи-климаттық жағдайлар: шөл және шөлейт жерлердің басым болуы ауыл шаруашылығының тиімділігін төмендетеді. Мысалы, Маңғыстау облысы шөлді аймақ болғандықтан, жергілікті шаруашылықтар су ресурстарына тәуелді.
Шалғай орналасу : кейбір аймақтар инфрақұрылым мен көлік қатынасы жағынан ірі нарықтардан алыс орналасқан, бұл инвестиция тартуды қиындатады.
Өңірлердің республикалық бюджетке тәуелді болуының салдары қандай?
Экономикалық белсенділігі жоғары және төмен өңірлер арасындағы алшақтық артады. Мысалы, Астана мен Алматы қалалары табысы жоғары өңірлер қатарында болса, субвенцияға мұқтаж өңірлер, керісінше қаржылық қиындықтарды бастан кешіруде.
Ішкі миграция да өршіп тұр. Тұрғындар жұмыс табу үшін экономикалық дамыған өңірлерге көшеді. Бұл құбылыс субвенцияға мұқтаж аймақтардағы еңбек ресурстарының азаюына алып келеді.
Субвенцияға мұқтаж өңірлердің мәселелерін шешу – ұзақ мерзімді және кешенді тәсілді қажет етеді. Қазақстан үкіметі аймақтардың экономикалық даму деңгейін теңестіру және олардың өз-өздерін қамтамасыз ету қабілетін арттыру үшін арнайы бағдарламалар қабылдауда. Бірақ бұл шаралар қаншалықты тиімді екенін бағамдау үшін жеке зерттеу жүргізілуі қажет.