Қазақстанда қанша мұнай қоры қалды?

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан мұнай
Қазақстанның мұнай өндіру әлеуеті қандай?/ Фото: shutterstock

Мұнай өндіру – Қазақстан экономикасының өзегі. 1990 жылдан бастап күні бүгінге дейін елімізде 2 млрд-қа жуық яғни 1,94 млрд тонна мұнай шығарылған. Қызығы, мұнай бағасы 68-70 долларға төмендеген 2018-2019 жылдары ең көп өндірген екен. Қазір жер қойнауында әлі 4 млрд тоннаға жуық қара алтын бар.  Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов журналистермен кездесіп, еліміздің мұнай-газ саласына шолу жасады.

«Шын мәнінде, 2 млрд деген – көлемді сома. Біздің қорда шамамен 4 млрд тонна қалды. Бірақ болашақта барлау жұмысы жүріп, кен орындарын анықтайды, мұнай бізге әлі бірнеше ондаған жылға жетеді деп сенеміз», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Соңғы бес жылдағы деректерді талдайтын болса, Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ақтөбе, Қызылорда, БҚО, Атырау және Маңғыстау облыстарында шоғырланған. Оның ішінде қара алтынның күре тамыры – Атырауда. Елде өндірілетін барлық мұнайдың 56%-ы сол жерден шығады. Одан кейін мұнайдың ең көп бөлігі Маңғыстау мен БҚО-да бар. Жұмағұловтың сөзінше, Қызылордадағы мұнай өндірісі соңғы 12 жылда 3 есе азайып кеткен. Бірақ қазір өңірге стимул беріп, мұнай-сервис компаниялары жұмыссыз қалмас үшін «Қазмұнайгаз»  5-7 мың метр тереңдікте бұрғылаумен айналысып жатыр.

Мұнай өндіру ісімен айналысатын қанша шетелдік компания бар?

«Мұнай Қазақстанға тиесілі екені даусыз, бірақ оны мемлекет өзі өңдеп, тікелей сатпайды. Оны өндіру, өңдеу үшін инвесторларға, жеке және ұлттық компанияларға құқық берілген», – деп түсіндіреді Energy Monitor басшысы.

Оның мәліметінше, қазір Қазақстанда 150-ден аса жеке компания бар. 70-тен аса компания әзірге барлау деңгейінде жұмыс істейді. Ал мұнай өндірісімен тікелей 93 компания айналысады.

Егер мемлекеттер үлесін қарайтын болсақ, еліміздегі мұнайдың 30,9%-ын – АҚШ, 30,6%-ын – Қазақстан, 17,2%-ын Еуропа компаниялары өндіреді. Қытай мен Ресейдің үлесі әлдеқайда аз, біріншісіне – 15,6%, екіншісіне 3% тиесілі.

Ал жеке компаниялардың өз ішінде қарайтын болсақ, өндіріс көлемі жағынан көшбасшы – «Теңізшевройл» компаниясы. ТШО – 1993 жылы Үкімет пен «Шеврон» корпорациясы арасындағы келісімшарт негізінде құрылған кәсіпорын. Екінші орында NCOC немесе Солтүстік Каспий жобасы. Кәсіпорын Қашаған, Қайран және Ақтоты кен орындарына жауап береді. Мұнайды ең көп өндіретін компаниялар үштігін Қарашығанақ кәсіпорны тұйықтайды.

Шетелдік және қазақстандық компаниялар 2023 жылы елімізде 90 млн тонна мұнай өндірген, оның ішінде 70 млн тоннасы экспортқа кетеді.

«2023 жылдағы экспорт бағытын қарайтын болсақ, ең көп 24 млн тонна Италияға тасымалданған. Бірақ ол елді Қазақстан мұнайын қабылдайтын ең ірі сатып алушы деп атауға келмейді. Италиядағы Триест теңіз порты арқылы қара алтын Еуропа елдеріне тасымалданады. Негізі Қазақстан мұнайының ең ірі экспортері – Германия», – деп түсіндіреді Жұмағұлов.

Былтыр ол елге 688 мың тонна мұнай жіберілген.

Мұнай тасымалына кім жауап береді?

Ал Қазақстандағы ірі мұнай тасымалдаушысы – «Каспий құбыр консорциумы».

« 2022 жылдың өзінде оның жұмысы бірнеше рет тоқтады. Сол кезде президенттің өзі тәуелсіз, балама маршруттар табуды тапсырған еді. Бірақ әлі күнге дейін жағдай аса өзгерген жоқ. Елдегі мұнайдың 55-56 млн тонна деген басым бөлігі КҚК арқылы жүреді. Ал құбырдың негізгі маршруты Ресейден өтеді. Елдегі мұнай тасымалының 80%-ы «Дружба», «Новороссйиск» деген маршруттарға тиесілі», – дейді сарапшы.

Ресейлік маршрутқа балама ретінде Ақтау порты арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) бағыты ұсынылған еді. Бірақ осы жылы әзербайжандық SOCAR компаниясының вице-президенті Эльшад Насиров жылына 2,2 млн тоннадан артық қабылдай алмайтындарын айтқан. Оның түсіндіруінше, қазақстандық мұнай құрамында күкірт деңгейі жоғары және ол БТД арқылы тасымалданатын Azer Light мұнайының сапасын төмендетуі мүмкін.

Мұнай өндіру саласына серпін беретін тағы қандай бағыт бар?

Тағы бір бағыт – Қытай экспорты. Көрші елдің инвестициясымен Атасу-Алашанькоу құбырын іске қосылып, жылына 20 млн тоннаға дейін мұнай қабылдайды деп жоспарланған еді. Бірақ Energy Monitor мәліметінше, 2023 жылы ол маршруттан бар болғаны 1,2 млн тонна мұнай өткен.  

«Кейде мұнай құбырын салдыңдар, енді неге мұнай айдамайды? Неге Қытайға аз тасымалдайды деп айтып жатады ғой.  Иә, теориялық жағынан құбырды 20 млн тоннаға дейін мұнаймен толтыруға болады. Бірақ бізде оңтүстікте мұнай тапшылығы бар. Қазір Қызылорда облысында мұнай өндірісі құлдыраған, енді шикізатты батыстан оңтүстікке қарай таситын болдық», – деп түсіндіреді Жұмағұлов.

Қазір «Атасу-Алашанькоу» бағытымен транзит арқылы ресейлік мұнай тасымалданады, Жұмағұловтың сөзінше бұл бізге әлдеқайда тиімді.  Дәл солай транзитпен ресейлік мұнай Өзбекстанға да тасымалданады.

«Өзбекстан бізден мұнай сұрап отыр жеңілдікпен. Бірақ Қазақстан өз жерінде мұнай сатумен айналыспайды. Ол құқықты жеке инвесторларға, жеке компанияларға берген. Қазақстан «иә, жақсы, болады, тек компаниялармен келісіңіздер» деп отыр. Дегенмен Өзбекстан жағы келісе алмай отырған тәрізді. Сол үшін транзитпен Ресей мұнай жіберіп жатыр», – дейді Жұмағұлов.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, осы жылдың 10 айында мұнай құбырлары арқылы 57,8 млн тонна қара алтын тасымалданған. Бірақ сарапшылар келесі жылы мұнай бағасының төмен болуы ЖІӨ өсіміне теріс әсерін тигізуі мүмкін дейді

Сондай-ақ оқыңыз