Жаңалықтар

Байден Трамп билікке келгенге дейін Ресей мұнайына санкция салмақшы – Bloomberg

Байден Ресей мұнайына санкция салмақшы
Байден Ресей мұнайына санкция салмақшы / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Джо Байден жаңа сайланған президент Дональд Трамп билікке келмей тұрып, Ресейдің мұнай экспортына қысым жасауды көздеп отыр. Бұл туралы Bloomberg басылымына Ақ үйдегі қызметке жақын адамдар айтып берген.

Басылымның жазуынша, АҚШ-тың биліктен кетіп бара жатқан президенті Джо Байден әкімшілігі сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамптың Ақ үйге оралуы қарсаңында Кремльге қысымды күшейту үшін Ресейдің мұнай экспортына санкция салуды қарастырып жатыр.

Жаңа шектеулердің қандай бағытта қолданылатыны нақты белгілі емес. Дегенмен басылымға сұхбат берген шенеуніктер әзірге шектеулердің егжей-тегжейлері әзірленіп жатқанын айтқан. Санкция Ресей Федерациясынан мұнай экспортына әсер етуі мүмкін. 

Байден әкімшілігі бұл қадамға баруды ұзақ уақыт бойы ойланып келген. Себебі сайлау кезеңінде энергия бағасының өсуінен қорыққан. Алайда мұнай бағасының төмендеуі және Трамп Украинаны Ресей Федерациясына бағынуға мәжбүрлейді деген күдік олардың шешім қабылдауына әсер еткен.

Агенттіктің жазуынша, жаңа шектеулер алдағы аптада қабылдануы мүмкін. Бұл Ресей мұнайының экспортын қысқартып, мұнай бағасын қайта көтеру мүмкіндігіне алып келеді. Бұған қоса, Еуроодақ та осындай шараларды қабылдауды жоспарлап отыр. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Қаржы министрлігінің өкілдері басылымға түсініктеме беруден бас тартқан.

10 желтоқсанда АҚШ Қаржы министрлігі Украинаға қаржылық несие пакетін бекіткен. Қарызды Ресейдің бұғатталған активтерінен жабу көзделген.