Шерзат Болаттың отбасына қатысты жазалау әдісі дұрыс емес – Абзал Құспан
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Талғарда кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Полаттың отбасына қатысты жазалау әдісі дұрыс емес екендігін айтты.
«Бұл жерде жазалау әдісі дұрыс жұмыс жасайды деп ойламаймын. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет еді», – деп жауап берді Абзал Құспан KursivMedia тілшісінің «Шерзат Полаттың отбасын сотқа тарту және оның әкесін қамау туралы іске байланысты» сұрағына.
Ол Мәжіліс отырысында осы іске байланысты ашық тыңдалым өткізу туралы ұсыныс айтқанын жеткізді. Егер оның ұсынысын депутаттар қолдаса, Мәжіліс төрағасының шешімімен Ішкі істер министрлігінің өкілі Парламентке келіп, Шерзат Полаттың ісіне байланысты есеп беруі қажет болады. Себебі депутаттар қазір істің қалай жүріп жатқаны және қандай өзгерістер бары туралы ақпарат ала алмай отыр.
«Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарында қандай мәліметтер бар соның шеңберінде ғана білеміз. Бізге арнайы олар есеп бермейді. Құқық қорғау органдарының барлығы қауіпсіздік кеңесіне қарайды. Үкімет қарамағында да емес. Тергеу аяқталған жағдайда ғана жауап табуға болады», – деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысына келген Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын атап өтті.
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамауға алынған еді. Істің мән-жайы туралы KursivMedia тілшісіне отбасының адвокаты Саида Тәуекелова айтып берген.