Мәжіліс Үкіметтен уақыт белдеуіне қатысты зерттеуді үш ай ішінде аяқтауды талап еткен
Мәжіліс депутаттары уақыт белдеуіне қатысты зерттеуді үш ай ішінде жүргізіп, 2025 жылдың наурызынан дейін аяқтауды талап еткен.
Депутат Елнұр Бейсембаевтың айтуынша, Үкімет 2025 жылдың наурызына дейін зерттеуді аяқтауы қажет.
«Үш ай ішінде зерттеп шығу мүмкін деп ойлаймын. Осы кезге дейін алдын ала зерттеу жасап келген еді. Қоғамда бұл мәселенің қызу талқыға салынып жатқанын білеміз. Тәуелсіз сарапшылар да, әлеуметтанушылар да қосылып жатқанын көріп отырмыз. Үкіметтің алдына зерттеуді үш айда аяқтау туралы міндет қойдық», – деді Бейсембаев.
Айта кетейік, Үкіметтің уақыт белдеуіне қатысты зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауы қажет. Талап туралы 10 желтоқсан күні кешке AMANAT партиясы хабарлаған.
«Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім деп есептеймін. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Ғылым министрі Саясат Нұрбек 20 қараша күні бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны туралы айтқан болатын. Министр ақша жоспарланған сомадан да аз кетуі мүмкін екенін, ғылыми зерттеуге бірнеше институт қатысатынын атап өтті.