Түркістан облысы Жетісай қаласының орталық саябағын электронды сауда-саттыққа шығарды. Аукцион жеңімпазы 8 гектардан астам жерді 15 жылға сенімгерлік басқаруға ала алады.
Е-қазына жүйесінде жария болған ақпаратқа сүйенсек, аукционға қатысу үшін 4 699 350 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Сауда-саттық 24 желтоқсан сағат 10:00-де өтеді. Жеңімпаз саябақ пайдасының 50%-ын алады.
Бастапқы шарттар бойынша сенімгерлік басқаруға алу үшін саябаққа 300 миллион теңге инвестиция салу қажет. Бұған қоса, бірінші жылы жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарланған. Саябақта аттракциондар ашу жоспары да бар.
Ақпаратта қаладағы саябақтың бассейіні де бар екені айтылған. 2022-2023 жылдары саябақтың жартысына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда 8 гектардан астам жер өзгеріссіз қалған. Аукционға осы жер телімдері шығарылған.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы орталық саябақтың бір бөлігі де сауда-саттыққа шығарылған.