Даниал Ахметов орнын босатты: жеңіл атлетика федерациясының келесі басшысы кім?
Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметов жеңіл атлетика федерациясының басшылығынан кетті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, бүгін, 11 желтоқсанда, Астана қаласындағы «Qazaqstan» спорт кешенінде Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының (ЖАФ) конференциясы өтті. Күн тәртібі бойынша делегаттарға ақпарат небәрі бір күн бұрын жіберілген. Жиында 28 делегат дауыс беріп, үш негізгі мәселені қарастырды:
- Федерация президентінің 2024 жылға арналған есебін бекіту (Ахметов Д.К.);
- Федерация президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
- Федерация президентін сайлау.
Даниал Aхметов Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясын 2018 жылдың наурыз айынан бері, алты жыл басқарды. Ахметов басшылық еткен жылдары елдегі жеңіл атлетиканың даму көрсеткіштері төмендеді. 2020 жылы Токио Олимпиадасына 10 спортшы ғана лицензия алды. Ал биыл Парижде өткен олимпиадаға бар болғаны 7 спортшы барды.
Жаңа президент болып 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова сайланды. Рыпакова – Қазақстанның жеңіл атлетика тарихындағы жеңіске ең көп жеткен спортшылардың бірі. Пекин 2008 олимпиада ойындарында күміс алса, 2016 жылы Риода қола жүлдегер атанған еді.
Сондай-ақ, қыркүйек айында Рыпакова Олимпиада Азия кеңесінің (OCA) Атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.