Қаржыгер Гаджи Гаджиев ауыр атлетика федерациясының президенті болып сайланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Гаджи Гаджиев ауыр атлетика федерациясының президенті болып сайланды / фото: olympic.kz

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан ауыр атлетика федерациясының есеп беру конференциясы өтті.

Конференцияда федерация президенті Жанат Түсіпбеков өз қызметінен мерзімінен бұрын кететінін мәлімдеп, орнына Гаджи Гаджиевтің кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар жаңа басшының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Ербол Мырзабосынов Түсіпбековке алғыс білдіріп, жаңа президентке сәттілік тіледі.

«Жанат Түсіпбековке ауыр атлетика саласына қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз. Оның жетекшілігімен еліміздің спортшылары талай белестерді бағындырды. Ал жаңа басшы Гаджи Гаджиевтің федерацияны одан әрі дамыту жолында табысты жұмыс атқаратынына сенімдіміз», – деді.

Гаджи Гаджиев 1974 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген. 2003-2009 жылдары Қаржы және құқық институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2013-2015 жылдары Қазақ қатынас жолдары университетінде «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша білім алған. 11 желтоқсанынан бастап Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті қызметіне кірісті.

Еске сала кетейік, бұған дейін жеңіл атлетиканы басқарған Даниал Ахметовтің орнына олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз