Disney компаниясының «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы 12 күндік прокатта кассалық табысы жағынан Disney/Pixar-дың «Ойжұмбақ 2» туындысынан асып түсті. Осылайша қазақ тіліне дубляждалған барлық фильмнің ішінде ең табысты жоба болды. Бұл туралы «Меломан» компаниясы хабарлады.
Қазақ тіліндегі нұсқасының үлесі жалпы табыстың рекордтық 12,36%-ын құрап, Қазақстандағы жалпы кассалық түсім 151 миллион теңгеден асты.
11 желтоқсандағы мәлімет бойынша, «Моана 2» фильмінің Қазақстан, Орталық Азия және Закавказье бойынша жалпы кассалық түсімі 1,8 миллиард теңгеден асқан.
Алайда қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс жоғары болғанымен, көрсетілім саны орыс тіліне қарағанда әлдеқайда аз. Мысалы, бір күнде орыс тіліндегі сеанстар саны 8-10 болса, қазақ тіліндегі нұсқаларға тек 1-2 сеанс қана бөлінген жағдайлар жиі кездеседі. «Моана 2» фильмінің екі аптадағы жалпы кассалық табысы 1,2 млрд теңгеден асты.
Еске сала кетейік, «Ойжұмбақ 2» фильмі қазақ тіліне дубляждалған ең кассалық жоба болып келді. Оның жалпы кассалық табысы 138 миллион теңгені құраған.
Биыл «Ойжұмбақ – 2», «Веном: Соңғы би», «Мен жексұрын» «Жабайы робот» фильмдері қазақ тіліне дубляждалған. Сондай-ақ алдағы уақытта «Арыстан патша: Муфаса» мен «Ақшақар» фильмдері прокатқа шығады.