Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалып, әпкесі елден шығарылатын болды
Талғарда кісі қолынан көз жұмған Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалды. Кезекші судьяның шешімі туралы осы отбасының қорғаушылары justice_for_sherzat инста-парақшасында хабарлады.
Отбасының қорғаушылары кезекші судьяның үкіміне 11 желтоқсан күні аппелияциялық шағым түсіретінін хабарлады.
Қаржаубай Нұрымовтың немере әпкесі Бақыт Реймова да жауапқа тартылды. Ол халықты митингке шақырғаны үшін айыпты деп танылып, 15 тәулікке қамалды және шет елдің азаматы ретінде елден депортацияланатын болды.
Нұрымовтың әпкесі – Салтанатқа да бұзақылық жасады деген айып тағылып, 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) айыппұл салынды.
Сонымен қатар осы отбасының күйеубаласы Айғазы да қамауға алынған. Алайда оған қатысты кезекші судья үкім шығармаған.
11 желтоқсан күні қорғаушылардың осы ақпаратын Алматы облыстық соты да растап, ресми телеграм арнасында сот үкімін жариялады.
10 желтоқсан күні марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов, сараптама қорытындысы бойынша өз-өзіне қол салды деп танылған інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсімі өткен соң, журналистерді шақыруды талап еткен болатын.
Осыдан соң, полиция оның әрекетін «қоғамдық тәртіпке қауіп төндірді» деп танып, Нұрымовты және оның туыстарын қамауға алған еді.
Ал 11 желтоқсанға қараған түні өзін жайсыз сезінген Қаржаубай Нұрымовты Алматы облыстық полициясы ауруханаға жеткізгенін хабарлаған.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы мектеп оқушысы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиғаға дүкен маңындағы жанжал түрткі болған еді. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр.