Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Group компаниясы Tethys Petroleum Limited («Tethys») компаниясының 8 443 398 қарапайым акциясын сатып алып, ондағы үлесін 34,3%-ға жеткізеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Сатып алынатын акциялар жалпы шығарылған қарапайым акциялардың 7,35%-ын құрайды. Келісімге сәйкес, акциялар бір акция үшін 0,7719 канадалық доллар бағасымен сатып алынады. Бұл жалпы сомасы 6 518 134,39 канадалық долларды құрайды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Құжаттарды рәсімдеуге байланысты сатып алу мәмілесі 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.
2024 жылдың 11 қазанында компания Tethys Petroleum-нің 30 959 133 қарапайым акциясын сатып алатынын мәлімдеді. Бұл шығарылған қарапайым акциялардың 26,95%-ын құрайды. Сол кезде айтылғандай, Fincraft Group Тethys Petroleum-нің 23 009 133 қарапайым акциясын сатып алған. Ал соңғы мәміледен кейін, компанияның жалпы акцияларының саны 39 402 531 қарапайым акцияны құрайтын болады. Бұл жалпы шығарылған қарапайым акциялардың 34,31%-ына тең. Солайша компания үлесі 7,35%-ға артады.
Компания бұл акцияларды инвестициялық мақсаттарда сатып алатынын мәлімдеді. Айта кетейік, Tethys Petroleum-нің бас кеңсесі Кайман аралдарында орналасқан. Компания мұнай мен табиғи газ кен орындарын игерумен және барлау жұмыстарымен айналысады.
Мұның алдында Рақышев бақылайтын «Fincraft Group» компаниясының «Tethys Petroleum Limited» компаниясындағы үлесін 20,03%-ға көбейтетіні жайлы ақпарат тарады.
«Fincraft Group» компаниясы бұдан бөлек «ARK Petroleum» 50%-ына, «Nordland Petroleum Inc» 100%-ына, «Equus Petroleum Limited» 50%-ына және «Beineu Petroleum Limited» 40%-ына иелік етеді.