Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Жаңа жыл қарсаңында отандық азық-түлік өнімдерінің бағасы қатты қымбаттамайтынын айтады. Тек Франциядан келетін фуа-гра сынды қымбат өнімдердің бағасы шарықтап кетеді. Бұл туралы вице-премьер мәжіліс кулуарында айтты.
«Жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында кейбір азық-түлік түрлері қымбаттап жатады. Бұл мереке қарсаңындағы дүрлігумен байланысты. Өйткені қысқа уақытта халық көп мөлшерде азық-түлік сатып ала бастайды. Бұл өз кезегінде сұранысты арттырады. Ал сұраныс ұсыныстан жоғары болған тұста баға көтерілетіні заңды», – деді ол.
Вице-премьер отандық азық-түлік бағасының қатты қымбаттамайды деп отыр. Өйткені валюта бағамы құбылып жатқан тұста отандық азық-түлік бағасы қатты көтеріле қоймаған.
«Валюта бағамы құбылып жатқанымен, бұл құбылыс елдегі біршама азық-түлік бағасына еш әсер етпеді. Мүмкін қымбат сегменттегі өнімдер қымбаттайтын шығар. Мәселен, фуа-граны Фрнациядан сатып алатын болсаңыз, әрине, қымбатқа түседі. Қымбат шараптар да дәл солай қымбат болады. Ал қазақстандық азық-түлік қымбаттай қоймас», – деді Жұманғарин.
Еске сала кетсек, қымбат тағам саналатын фуа-гра туралы бірінші болып, 2015 жылдың қыркүйегінде экс-президент Нұрсұлтан Назарабаев айтқан болатын. Ол қазақстандықтарды қымбат фуа-грасыз, қымбат батыс киімдерінсіз және үлкен Ленд-Крузерсіз қарапайым өмір сүруге шақырған еді.